Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Бақытжан Темірболат Кино орталығының ұжымына ұйымның жаңа басшысын таныстырды. ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы болып Есетжан Қосубаев тағайындалған.
Есетжан Мұратұлы Қосубаев мемлекеттік басқару органдарында қызмет еткен, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігін басқарған, медиакомпаниялар мен қоғамдық құрылымдарға басшылық етіп, мәдениет саласында түрлі жобаларды ұйымдастырған.
1955 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1980 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмәмдаған. Ірі халықаралық өнер форумдарын, қоғамдық акцияларды, іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан. Әр жылдары «АРТ-Центр» продюсерлік орталығының бас директоры, «Алматы – моя первая любовь» ретро фестивалінің продюсері және жүргізушісі болған, «Азия дауысы» халықаралық музыкалық фестивальдерінің іргетасын қалағандардың бірі. «Асыл мұра» қамқоршылық кеңесінің құрамында болған, соның арқасында көрнекті қазақ композиторларының шығармалары бар бір жарым мыңнан астам мұрағаттық жазбалар қалпына келтірілген.
Бірнеше жылдар бойы мәдени-қоғамдық институттарды басқарған. Коммерциялық және қаржы құрылымдарын басқару тәжірибесі бар. Қазақстанды мәдени, әлеуметтік және ғылыми-техникалық дамыту қорының бас директорының орынбасары, «Бөбек» Балалар қайырымдылық қорының вице-президенті, «Kazenergy» қоғамдық қорының президенті лауазымдарында қызмет еткен. «Алтын-Алма» АҚ басқарма төрағасы, «Союз «Атамекен» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасының басқарма мүшесі болған.
Мемлекеттік басқару органдарында жұмыс жасау тәжірибесі мол. 2002 жылы Мемлекет басшысы Әкімшілігінің баспасөз орталығының басшысы лауазымына тағайындалған. 2004 жылы — ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының БАҚ және қоғамдық байланыс бөлімінің жетекшісі. 2004 жылдан 2006 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрі.
Есетжан Мұратұлы отандық медиақұрылымдардың, кино мен телевизияның аяққа тұруына және дамуына зор үлес қосқан. «Рауан Медиа Групп» компаниясының директорлар кеңесін басқарған. 1998 жылы Орталық Азиядағы ең ірі кинофорум – «Евразия» Бірінші халықаралық кинофестивалінің бас директоры болып тағайындалған. Еуразия телевизия академиясының мүшесі (Мәскеу қаласы). 2001 жылы Қазақстандағы алдыңғы қатарлы медиакорпорацияның - «Қазақстандық телевизия және радио» Республикалық корпорациясын» ЖАҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған. Е. Қосубаевтың шығармашылық өмірбаянында жеке актерлік тәжірибесі бар, соның ішінде атақты кеңес режиссері Юрий Чулюкиннің «И в шутку, и всерьёз...» фильмінде (1963 ж.) басты рөлді сомдаған. Қазіргі таңда, Е.Қосубаев «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – еліміздің ірі киностудясының директорлар кеңесінің мүшесі және тәуелсіз директоры болып табылады.