Қарақат Башанова Junior Eurovision 2020 байқауында екінші орын алды

Junior Eurovision XVIII ән байқауында Қазақстан намысын қорғаған Қарақат Башанова екінші орынды иеленді. Ол осы байқауда «Forever» әнін шырқаған еді.

Францияның атынан қатысқан Валентинаға бірінші орын бұйырса, үшінші орынды испаниялық Солеа иеленді.

2020 жылғы Junior Eurovision байқауына Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінің өкілдері қатысты. Пандемияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Польшада болды.

Еуропалық хабар тарату одағы (ЕВС) биыл жыл сайынғы «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының финалы жаңа форматта ұсынылатынын жариялады. Бұл шешімнің басты себебі - COVID-19 пандемиясы.

Барлық финалистердің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда орындалуға тиісті әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орындалды.