Хабарымыздың кейіпкері – еліміздің алдыңғы қатарлы кардиохирургі, «Болашақ» бағдарламасы бойынша кардиохирургияны оқыған санаулы мамандардың бірі, "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы - Бауыржан Алдабергенұлы Рақышев. Ол кардиохирургиялық оталардың ішінде заманауи технологияны пайдалана отырып, елімізде жүрекке бұрын жасалмаған миниизвазивті операцияларды енгізген және ота жасайтын санаулы маманның қатарына жатады. Оның ішінде ауыр жүрек патологиясы бар науқастарға күрделі, бірегей операцияларды ашық жүрекке жасап келеді.
ДОСЬЕ:
Рақышев Бауыржан Алдабергенұлы 1983 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Нартай Бекежанов атындағы ауылда дүниеге келген. С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін қызыл дипломмен аяқтаған.
2010 жылы Президенттік халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, Ресейдің Мәскеу қаласындағы Ресей медицина ғылым Академиясы А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қантамырлар хирургиясы ғылыми орталығына клиникалық ординатураға түсіп, 2012 жылы «кардиохирургия» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Қазіргі таңда А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты кардиохирург, медицина магистрі.
Бауыржан жаңа технологияларды қолдана отырып, Италия, Нидерландия, Ресей, Белорусь мамандарымен бірігіп операция жасаған. Ол - жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім деңгейін төмендетуге бірден бір күш салып жүрген маман. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін, 2019 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Бауыржан, тұрақты түрде халықаралық және республикалық конференцияларға қатысып, шетелдік кардиохирургтермен тәжірибе алмасып тұрады. Ота жасаумен шектелмей, ғалым әрі маман ретінде әлемнің түрлі конференция, конгрестеріне қатысып, баяндама жасаған. Дәрістер де оқып жүр.
Бауыржан Алдабергенұлы – жай ғана кардиохирург емес, өз елінің патриоты, мақтанышы. Ол шетелге барса да, оп-оңай жұмыс тауып кете алатын таптырмайтын құнды маман. «Өз елімізде жүрегі ауыратын отандасымыз қаншама, оларды біз емдемей, кім емдейді» деп, «Болашақ» арқылы алған білімін, күш-жігерін Қазақстан азаматтарын емдеуге арнағысы келеді. Жүрегі ауыратын науқастар санының азайып, сауығып кетуін тілейтін үлкен жүректі азамат. Бауыржандай отаншыл, мемлекетшіл дәрігерлер көбейсе, отандық медицина қарыштап дамитыны сөзсіз.
Хабарды дайындаған автор әрі редактор: Жадыра Жұмакүлбай
Бағдарламаның аудионұсқасын осы жерден тыңдауға болады.