Қорытынды жаңалықтар 15.01.2021

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға төмендетуіміз керек. Бұл туралы 7-інші шақырылған Парламенттің алғашқы отырысында Президент Қасым Жомарт Тоқаев айтты.  

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн деп атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс екендігін тілге тиек етті. 

Сондай-ақ Президент жиында 3500-ден астам ауыл жаңғыртылып, республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделетінін мәлімдеді.  

Президент басқосуда жастар мәселесіне де тоқталды.  

Балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Президент Парламентте өткен бүгінгі жиында осы мәселеге назар аударды. 

***

Нұрлан Нығматулин Парламент Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Төменгі палатаның депутаттары Нұрлан Нығматулиннің палата спикерлігіне сайлануына бір ауыздан дауыс берді. Яғни, оның кандидатурасын 100 депутат қолдады, қарсы дауыс бергендер жоқ. Нұрлан Нығматулин Парламентте өткен жиында әріптестеріне алғысын білдірді.  

***

Айта өтейік, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарлары лауазымына Павел Казанцев пен Балайым Кесебаева сайланды.

***

Сонымен қатар, бүгін 7-інші шақырылған Парламенттің алғашқы отырысында Президент Асқар Маминді Премьер-Министр қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Айта өтейік, Үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін Үкімет өз міндеттерін атқаратын болады.

***

Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазудың енгізілуі – демократияның нағыз төрі десе болады, себебі көптеген мемлекетте мұндай пункт жоқ. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент сессиясында сөйлеген сөзіне қатысты саясаттанушы Самат Нұртаза осындай пікір білдірді.