- Президент қоғамда қызу талқыланған заңға қатысты пікір білдірді.
- Маңғыстау облысына вакцина 28-29 қаңтарда жеткізіледі.
- ҰБТ-2021: Алғашқы күннің қорытындысы жарияланды.
- Металл қабылдайтын 14 пункт иесі жазаланды.
- Телехикаялар мен деректі фильмдердің сценариіне байқау жарияланады.
- 2006 жылғы үлгідегі теңгені айырбастау 2021 жылдың 1 ақпанында аяқталады.
- Алимент төлемеген екі азамат қамауға алынды.
- Түркияның Эрзурум қаласындағы мектепке Әл-Фараби есімі берілді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда қызу талқыланып жатқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына қатысты пікір білдірді. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында.
***
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан қаласына барып, инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды Үкімет басшысының ресми сайты. Премьер-Министр инвестициялық жобалардың — «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің, JCI халықаралық стандарты бойынша салынып жатқан көпбейінді аурухананың, Қазақ драма театрының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, Тұңғыш Президент саябағының, дендропарк пен ботаникалық бақтың құрылысын аралап көрді. Сондай-ақ А. Мамин пайдалануға берілген «Hampton» қонақ үйі мен Халықаралық туризм университетін аралап көрді. Премьер-Министр биыл көктемде Түркістан қаласында өткізу жоспарланып отырған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
***
Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандық телевизияда отандық контентті дамыту мәселесі бойынша жас режиссерлермен кездесті. Министр ведомствоның алдағы 2022 жылы түсіретін телесериалдар мен деректі фильмдерінің үздік сценарийлерін дайындауға байқау жариялап жатқанын атап өтті. «Оның негізгі тақырыптары министрліктің сайтында жарияланатын тақырыптық жоспарлар тізімінде көрсетілген», - деді Аида Балаева. Жалпы, министрмен кездесуге отандық қызықты жобаларды құруда тәжірибесі бар 29 жас режиссер қатысты.
***
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы вакцина салдырған қазақстандық қайтыс болды деген хабарламаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Әлеуметтік желіде тарап жатқан хабарламада Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Батыр ауылының тұрғыны вакцина салдырып, кейін қайтыс болғаны айтылады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев осы хабарламаға пікір білдірді. "Биыл 19 қаңтарда 1978 жылғы ер адамның қан қысымы жоғарылап, соның салдарынан қайтыс болған. Ол ешқандай вакцина алған жоқ", - деді Ержан Байтанаев. Айтуынша, бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы вакцина Маңғыстау облысына келмеген. Вакцинаның бірінші партиясын аймаққа жеткізу 28-29 қаңтарға жоспарланған.
***
Ақпан айында Ақтөбе облысында медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы екпе туралы ақпарат таратты. Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингіде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров, алдымен, медицина қызметкерлері екпе қабылдайтынын айтты. «Ақпан айында мың адамға вакцина салынады. Олар инфекциялық стационарлар мен жедел жәрдем, қабылдау бөлмесіндегі медицина қызметкерлері, емханадағы ақ халаттылар, эпидемиологтар. Екінші кезеңде білім беру мекемелерінің қызметкерлері вакцина қабылдайды.
***
Қаңтардағы ҰБТ-ның алғашқы күні тестілеуге 16 307 адам қатысты, деп хабарлайды, ҚазАқпарат БҒМ-не сілтеме жасап. Тестілеуге қатысқандардың ішінде 12 мыңнан астамы қазақ тілінде тапсырды. 86 талапкер аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқаны үшін ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылды. Сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолданғаны және тестілеу ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан 27 адам шығарылып, тест нәтижелері жойылды. ҰБТ-ның бірінші күнінің қорытындысы бойынша 205 қатысушы 110-нан астам балл жинады. Барлық аудитория бейнебақылау камераларымен жабдықталған, ата-аналар үшін бейнетрансляция бар. Айта кетейік, қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін жарамды. Талапкерлер бір жылда тестілеуді 4 рет тапсыра алады. Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміз бойынша кеше, 20 қаңтар күні басталды және 5 ақпанға дейін жалғасады.
***
Түркияның Эрзурум қаласындағы бульварға және мектепке Әл-Фараби есімі берілді, деп хабарлайды Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі. Бұл туралы елшіліктің Facebook -тегі парақшасында айтылған.
***
Елорда полицейлері металл құбырларды ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады. Қылмыс туралы полицияға ұрланған құбырлардың иесі хабарлады. Ұрлық үй иесі жоқ кезде жасалған. Ұры алыстан келмеген, көршісі екен. 28 жастағы ер адам ұрланған құбырларды металл сынығын қабылдау орнына тапсырғанын мойындады. Елорда аумағында кабельдер, люктер және құрамында металл бар басқа да бұйымдар ұрлығының алдын алу мақсатында жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Металл қабылдайтын 206 пункт тексеріліп, 14 пункт иесіне қатысты әкімшілік өндіріс қозғалды. Бір тоннадан астам металл тәркіленді.
***
Қостанай облысында алимент төлеуден қашып жүрген екі адам қамауға алынды. Балаларына бірнеше жылдан бері алимент төлемеген екі азаматтың әрқайсының 2 миллион теңгеден астам қарызы бар. Жыл басынан бері Қостанай облысында балаларына алимент төлеуден жалтарған алты адам қамауға алынған. Тек Қостанай облысында ғана азаматтардың балаларына 93 миллион теңгеге жуық қарызы бойынша 14 447 алименттік іс бар.
***
2006 жылғы үлгідегі номиналы 2, 5, 10 мың теңгелік банкноттарды қабылдау және айырбастау 1 ақпанда аяқталады. Бұл туралы Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов айтты. Жеке тұлғалар үшін банкноттар тек Ұлттық банктің филиалдарында айырбасталады. Оның айтуынша, банкноттарды қабылдау мерзімін ұзарту туралы шешім тұрғындардың өтінішіне байланысты қабылданды. Кейбір азаматтар, негізінен, зейнет жасындағы адамдар, белгілі бір себептерге байланысты ескі банкноттарды уақытында айырбастап үлгермеген.
***
Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» бүгін cырт айдында Мәскеудің «Динамо» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ойын астана уақытымен сағат 22.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Айта кетейік, «Барыс» бүгінгі қарсыласын төрт ойыннан бері жеңе алмай келеді. «Барыс» турнир кестесінде 53 ұпаймен 14-орында келеді. Ал «Динамо» 61 ұпай жинап, 7-орында тұр. Естеріңізге сала кетелік, «Барыс» бұдан бұрын сырт айдында «Йокерит» командасын жеңді.