Қоғам қайраткерлері мен биліктің өзара іс-қимылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жұмыс істеп тұрғанын айғақтайды. Ұлттық қоғамдық кеңесінің бесінші отырысы жөнінде Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин осылай деді. Ол көтерілген бастамаларды былайша ерекшелеп атап өтті: «Нұрлы жер» бағдарламасының бағалары бойынша тұрғын үйді кейіннен сатып алу үшін құрылыс салушылармен оффтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жаңа бюджеттік санаттағы тұрғын ауданын құру; жұмыс берушілердің өз жұмыскерлеріне тұрғын үй салуға кеткен шығындарының 50% -на дейін мемлекет бюджетінен өтеу арқылы ауылды жерлерде тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу; медициналық ЖОО-лардағы стипендия мөлшерін ұлғайту деді Ерлан Қарин.
*****
Қазақстанда өткен тәулікте 855 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. Ең көп адам Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Мұнда бір тәулік ішінде - 135 адамда қауіпті індеп анықталды. Алматы қаласында - 110, Павлодар облысында - 78. Қазақстанда өткен тәулікте 746 адам коронавирус індетінен емделіп шықты.
*****
Армения президенті Армен Саркисян мемлекетте қалыптасқан жағдайға байланысты республика халқына үндеу жариялады. «Елде қиын жағдай туындады. Оның салдары мемлекетіміздің болашағына қауіп төндіреді. Арменияда әскери жағдай жарияланды. Мен мемлекетіміздің барлық күш құрылымдарын, саяси күштерді, азаматтарды жағдайды салмақты бағалап, ақылға келуді сұраймын»,-деді ел басшысы. Арменияда осы кезде саяси жағдай шиеленісіп тұр. Армения астанасының әр бөлігінде тәртіпсіздіктер болып, тұрғындар ел Премьер-Министрі Никол Пашинянның қызметінен кетуін талап етті. Демонстранттар бірқатар қала көшелерін жауып тастады.
*****
Астана мен Ақмола облысында ауа райына байланысты бірінші ауысымдағы оқушылар мектепке бармайды. «ауа райының қолайсыздығына байланысты қала мектептерінің бірінші ауысымындағы 0-9 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауысады. 1-11сынып оқушылары қашықтықтан оқиды.», - делінген қалалық Білім басқармасының хабарламасында.
*****
Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» елордада Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасымен кездесіп, қарсыласын 3:0 есебімен жеңді. Енді «Барыс» 27 ақпанда құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңіндегі соңғы тур ойынын Ресейде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізеді. Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Ак Барстан» жеңілді.