Радио ардагері Төлепберген Тобағабыловтың құрметіне көше атауы берілді

Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында радио ардагері Төлепберген Тобағабыловтың құрметіне Қызылорда қаласынан көше атауы берілді. 


Төлепберген Тобағабыловтың туғанына 20 мамырда 85 жыл толады.

ТОБАҒАБЫЛ ТӨЛЕПБЕРГЕН

1936 жылы 20 мамырда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қарасты Ақарық ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. ҚазМУ-дың (ҚазҰУ) журналистика факультетін бітірген (1963). Еңбек жолын 1957 жылы бастаған. 1957–1962 жж. Тереңөзек аудандық «Еңбек майданы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, 1962–1963 жж. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, 1963–1967 жж. Қазақ радиосының редакторы, 1967–1970 жж. Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас редактор, 1970–1973 жж. «Қазақтелефильм» студиясының сценарий жөніндегі алқа мүшесі, 1973–1992 жж. Қазақ радиосында бас редактор, 1992–1994 жж. Халықаралық «Тұран» радиосының бас редакторы, 1994–1996 жж. Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінде бөлім бастығы болды. Қазір шығармашылық жұмыста.

«Баспалдақ» атты алғашқы өлеңі 1955 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған. Кейін «Жаңылтпаштар» (1963), «Сағадат Нұрмағамбетов» (1966), «Өкініш» (1966), «Өңшең мықты» (1968), «Тағдыр» (1970), «Жазира» (1971), «Тағы бір күз» (1975), «Түсінсең еді мені» (1978), «Время жить» (1980), «Жүрегім соғып тұрғанда» (1982) атты өлең, повесть, әңгімелер жинақтары жарық көрген. «Көктемнің ең ұзақ күні», «Құзар» атты деректі телефильмдер сценарийлерінің авторы. «Коммунист Мұқан Көккөзов» 1975 жылы Владивосток қаласында өткен Бүкілодақтық байқауда арнаулы дипломға ие болған. 

 «КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.