Биыл елімізде 17 млн шаршы метрден асатын тұрғын үй салынады

Елімізде коронавирус инфекциясына зертханалық тексеру жүргізу бағасы арзандады. Мұндай шешімге Қазақстанның клиникалық-диагностикалық зертханаларымен жасалған монополияға қарсы келісім шеңберінде қол жеткізілді, деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі. 1 наурызда ОЛИМП серіктестігі ПТР бағасын 7000-нан 6500 теңгеге дейін төмендетті. Екі апта бұрын INVIVO серіктестігі тест құнын 9 000 теңгеден 6500 теңгеге түсірген. «Сұңқар» және «Әйгерім» ЖШС-нің жеке зертханалары бағаны тиісінше 6 000 және 7 000 теңгеге дейін азайтты. Зерттеу бағасын төмендету анализаторлар паркін одан әрі кеңейту және жаңа ПТР зертханаларының қуатын арттыру арқылы мүмкін болып отыр.

*****

Алматы қаласы «сары» аймаққа кірді. Осылайша, бүгінгі эпидемиологиялық жағдайдың матрицасына сәйкес, «сары» аймақта Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары бар. Қалған өңірлер - «жасыл» аймақта.

*****

Елордада коронавирусқа шалдығу жағдайлары 30-39 жастағылар арасында жиі тіркеледі. Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың айтуынша, жұмыс істейтін азаматтар вирус жұқтыруға неғұрлым бейім келеді.

*****

Биыл елімізде 17 млн шаршы метрден асатын тұрғын үй салынады. Бұл жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ведомствоның алқа отырысында айтты. Бұл 163 мыңнан астам тұрғын үйді пайдалануға беруге жол ашады, -дейді министр.

*****

«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау 10 наурыздан басталады. Бұл жұмыс 31-наурызға дейін жалғасады Өтінішті www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы беруге болады. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі-5%, бастапқы жарна-10%, несие сомасы 18 миллион теңгеге дейін. Негізгі талап Алматыда кем дегенде 6 ай жұмыс жасауы, өтініш берушінің және онымен тұрақты түрде тұратын отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда меншік құқығында жылжымайтын мүлік болмауы қажет. Сонымен қатар, бағдарламаға 35 жасқа дейінгі/35 жасқа толған жастар қатыса алады, - деп хабарлайды «Отбасы банкінің» желідегі парақшасы.