Алматыда тау бөктеріне шығуға тыйым салынады

Алматы қаласы бойынша соңғы тәулікте 11 130 адам вакцина салдырды. Ал, сәуірдің 1-12 аралығында барлығы 86 790 адам екпе алған. Шаhардың вакцинация жоспарына сәйкес, сәуірдің 24 –іне дейін қаланың 100 000-нан астам тұрғынына КВИ-ге қарсы перапат егіледі. Алматы қаласының жаппай вакциналау штабы еріктілерінің үйлестірушісі Жәнібек Солтанай қала тұрғындары екпе алу орындарына белсенді түрде келіп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол арнайы пунктерде жұмыс істеп жатқан еріктілер қатарында медициналық оқу орнының студенттері мен бірге өзге мамандық иелері де бар екенін айтты. Жәнібек Солтанайдың айтуынша, волонтерлердің 70 пайызы екпені ерікті түрде салдырған.

*****
«Сары» аумаққа өткен Павлодар облысында карантиндік шектеулер күшейтілді. Аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Енді 15 сәуірден бастап демалыс күндері әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандардың жұмыс істеу мерзімі қысқартылады. Онда баратын адамдардың да саны шектеледі. Ал отбасылық жиын өткізуге, бильярд, компьютер клубтары, боулинг және балалардың ойын-сауық орталықтарының қызметіне мүлдем тыйым салынады.
*****
Алматы облысының Көксу ауданында ауыл арасында 9 блок-бекет қойылды. Бақылау посттары таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Онда тәртіп сақшылары мен әкімдік қызметкерлері ауылға кірген көліктерді тіркеп, жүргізушілер мен жолаушыларға сақтық шаралары туралы түсініктеме беруде. Сақтық шараларын күшейтуге аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі себеп болып отыр. Соңғы аптада мұнда 90-ға жуық адам індет жұқтырған.
*****
Соңғы 3 жылда Нұр-Сұлтанда әлеуметтік пәтер саны 9 есе өсті. Бүгін әлеуметтік нысандарды аралаған қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасына осылай деп жазды. Елорда аудандары полиорталық қағидатына сай дамуда, яғни қажетті әлеуметтік нысандар жаяу қашықтықта орналасады. Қазір Алматы ауданында бірқатар мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл бір мезгілде жаңа ТК тұрғындарының оқушы орындарына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді. Үйлердің сапасына, абаттандыруға ерекше назар аударуды, құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырдым. Сапасыз жұмыс қабылданбайды,-деген Алтай Көлгіновтың айтуынша, биыл 10 мың әлеуметтік пәтер беріледі. Көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 9 есеге артады, - деп жазды қала әкімі әлеуметтік параұшасынеда.
*****
Алматыда тау бөктеріне шығуға тыйым салынады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке қарағанда, жылымық кезде жауын-шашынның мол түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алаптарында 13-16 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады. Осыған орай қарлы тік жартастарға шығуға болмайды,-деген мамандар тұрғындарды тауда абай болуға шақырады.