Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы ауысты

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмысына қатысты. Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылған еді. Оның орнына Бас прокурордың орынбасары лауазымынан босаған Марат Ахметжанов тағайындалды. кеңесте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Алик Шпекбаевқа табысты қызметі үшін алғыс білдірді.

*****

Менің Жарлығыма сәйкес Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатылды. Агенттікте оның басшылығымен жемқорлықпен күресте ауқымды жұмыс атқарылды. Осы құрылымның қызметі айтарлықтай жаңғырды. Жемқорлыққа қарсы бірқатар жобалар мен бастамалар қолға алынды. Солардың қатарында «ADALDYQ ALANY», «ANTIKOR ORTALYGY», «ADAL BILIM» және тағы басқалары бар. Алик Жатқамбайұлына осы қызметтегі табысты жұмысы үшін алғыс айтамын. Бүгін менің Жарлығыма сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына Марат Мұратұлы Ахметжанов тағайындалды. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол маман. Әділет министрлігінде, Бас прокуратурада басшылық лауазымдарды атқарды. Кезінде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орынбасары болды. Сондықтан мен оны осы лауазымға тағайындау туралы шешім қабылдадым.

Сондай-ақ аталған кеңесте Мемлекет басшысы Агенттік алдында бірқатар маңызды міндеттер тұрғандығын атап өтті.

*****

«Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды барлық деңгейде тиімді жүргізу үшін кешенді жұмыс атқару қажет. Мұндай шаралар қылмыстық қудалау әрекетімен ғана шектелмеуі керек. Ондай тәсілдің кері әсері болады. Мемлекеттік аппарат шешім қабылдаудан тартынып, бюрократияға бой алдырады және лауазымды тұлғалар жеке жауапкершілік алудан жалтарады. Агенттік жұмыс барысында жіберілетін қателіктерді қасақана жасалған қылмыстардан ажырата білуге тиіс. Сондай-ақ, кінәлі адамды қылмыстың барлық құрамы болған кезде ғана жауапқа тартуы қажет.

*****

Сонымен қатар, Президент қоғам өкілдерінің белсене атсалысуы және алдын алу шаралары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты құралдарына айналуы керектігін қадап айтты.

*****

 «Қоғамдық бақылау туралы» заң дайындалып жатыр. Бұл құжат мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, белсенді азаматтарға құқықтық бақылау құралдарын береді. Осы заң жобасының әлеуетін барынша пайдаланып, қоғамды жемқорлықпен күресуге кеңінен тарту қажет.

*****

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде. Мұндай модель айыптаушылық ұстанымды бәсеңдетіп, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайды. Президент Агенттікке өз қызметін қылмыстық процестің үш буынды моделіне бейімдеуді тапсырды. Қоғам, бизнес және инвесторлар сыбайлас жемқорлық қысымынан сақтайтын мықты қорған бар екенін сезінуге тиіс,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

*****

Антикор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылу барысын тексеруді бастады. Осы мақсатта Агенттік төрағасының орынбасарлары еліміздің бірқатар өңіріне барды. Атап айтқанда, Олжас Бектенов Ақмола облысына, Дмитрий Малахов Қостанай өңіріне барса, Нұрлан Шабдар Қарағанды облысына ат басын тіреді. Жұмыс сапары аясында олар аудандардағы сервистік әкімдіктердің қызметін тексерді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру туралы есептерін тыңдап, тиісті заңнамадағы соңғы жаңалықтарды жеткізді. Сонымен қатар агенттік басшысының орынбасарлары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында барған облыстарына қарасты аудан – ауыл тұрғындарын қабылдады.

*****

ҚР Сыбайлас жемқорлаққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғамдық кеңес құрамына коммерциялық емес ұйымдар және азаматтар қатарынан 5 үміткерді қосымша сайлау туралы конкурс жаирялады. Бүгінде Кеңестің сандық құрамында Агенттіктің өкілдері, коммерциялық емес ұйымдардың субъектілері, азаматтардың қатарынан 10 мүше ұсынылған, оны 15-ке жеткізу жоспарланып отыр. Кеңестің негізгі құрамына кірмеген, алайда қолданыстағы заңнамамен қойылатын талаптарға сәйкес келетін азаматтар Кеңестің «резервтік тізіміне» кіреді. Құжаттарды қабылдау мерзімі 22 сәуірге дейін жалғасады. Ал қажетті құжаттардың тізімі туралы агенттіктің сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшалардан біле аласыздар.

  “Антикор news” хабарын дайындағандар: Сағыныш Өтебаев және Гүлім Ғабитқызы.