Қазақстанда телеарна мен радиолардың жұмысы уақытша тоқтайды

Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалдау көлемі артты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровпен кездесуінде белгілі болды. Тараптар теміржол көлігі және логистика саласындағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де нығайту мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалдау көлемі өткен жылы 85,6 млн тоннадан асты. Осы жылдың I тоқсанында екі ел арасындағы контейнерлік тасымалдар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57%-ға өскен. Кездесу соңында екі ел өкілдері саладағы ынтымақтастықты нығайту туралы уағдаласты.  

*****

Қазақстан Қырғыз елімен бірге мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін бекітті. Онлайн режимде Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Қырғызстан комиссиясының кезекті 28-ші отырысы өткізілді. Оған біздің тараптан Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов қатысты. Отырыс барысында екі елдің вегетациялық кезеңге Шу және Талас өзендеріндегі су қоймаларының жұмыс режимі және мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесі келісілді.  

Бұдан басқа комиссия «Шу және Талас өзендері бассейндері үшін іс-қимылдың Стратегиялық бағдарламасын» бекітті, оның шеңберінде халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен су ынтымақтастығын нығайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады.

*****

Ұлттық Ұландағы вакцинация науқаны 1 маусымға дейін аяқталады. Ұлттық ұланның әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имировтың айтуынша, бүгінгі таңда бірінші компонентпен 10608 адамға вакцина егілді, екінші кезеңде 606 адам алды. Барлығы жоспар бойынша жүзеге асырылуда. ҚР Ұлттық ұланының баспасөз хатшысы Руслан Жангулинның мәліметінше, қазір жеке құрамның 34 пайызы вакцина салдырды. 

*****

Шымкенттің денсаулық сақтау саласын қағазбастылықтан арылту мақсатында ауруханаларды цифрландыру жұмыстары өз нәтижесін беруде. Қалалық нөмірі 6-емхананың бас дәрігері Айгүл Қылышбаеваның айтуынша, медициналық құжаттаманы электронды жүргізу нәтижесінде науқастар ұзын-сонар кезек күтіп, әуре-сарсаңға түсудің азабынан құтыла бастады.

*****

Қазақстанда телеарна мен радиолардың жұмысы уақытша тоқтайды. 27 сәуірде телерадио хабарларын тарату орталығындағы профилактикалық жұмыстарға байланысты сағат түңгі 03:00-ден кешкі 17:00-ге дейін  «Qazaq radiosy», «Shalqar», «Astana», «Classic» радиоларында техникалық үзіліс болады. Сонымен қатар, бұл күні «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, «Qazsport», «Вalapan», «Abai tv» арналары мен аймақтық телеарналдардың хабарлары сағат 17:00-ге дейін уақытша көрсетілмейді.