Қазақстандық көлік нарығындағы өсім 35 процентке жеткен

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.
«Ораза айт – бейбітшілік пен бірлікке үндейтін исламның сан ғасырлық қастерлі дәстүрлерінің символы. Мейірімділік, рухани тазару, ізгі істер жасау – барлық ұлт пен дін өкілдеріне тән қасиет. Қазақстан халқын осы құндылықтар ұйыстырады. Сондықтан да Ораза айт шын мәнісінде барша қазақстандықтарды біріктіретін мереке болып саналады. Өзара сыйластық пен келісімге негізделген осы игі дәстүрлерді барынша нығайта беруге шақырамын. Ораза Айт мейрамында баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Айт қабыл болсын!», - делінген Елбасының құттықтауында.

*****

Енді елдегі эпидахуалға тоқталсақ. Қазір екі мегаполис пен төрт облыс «қызыл» аймақта тұр. Олар: Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары. ⠀ «Сары» аймақта: Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары бар. Әзірге Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдай қалыпты. Бірақ, індеттің беті әлі қайтар емес. Вирустан емделіп жатқандар саны 40 мыңға жуықтады. Олардың ішінде 788 науқас ауыр жағдайда. Кеше бір тәуліктің өзінде 2 283 адамның вирус жұқтырғаны анықталды.

*****

Ал, ел бойынша екпе салу жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1 757 407 адам вакцина алған. Екінші компонентті салдырғандар саны – 698 248 ге жетті. Вакциналау науқанында Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары және Алматы мен Түркістан облыстарының тұрғындары белсенділік танытуда.

*****

ШҚО бойынша коронавирустың таралуына жол бермес үшін ертеңнен бастап «Алматы-Өскемен» бағытындағы №351/352 жолаушылар пойызына билет сатуға тыйым салынады. Осы пойыздың Өскемен және Ново-Өскемен станцияларында жолаушыларды отырғызуға және түсіруге уақытша шектеу қойылады. Жолаушылар темір жол билетінінің ақысын толық көлемде қайтара алады. Жолаушы пойыздарының жүру тәртібі туралы тиісті ақпаратты «105» анықтама нөмірі арқылы білуге болады.

*****

Қазақстандық көлік нарығындағы өсім 35 процентке жеткен. Бұл ретте отандастарымыз жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бөлінетін кезекті ақша аударымын күтіп отыр. Жыл басынан бері жеңілдетілген несиемен тек 302 отандық көлік сатылған. Өткен жылдың осы кезеңінде 21 мыңнан астам көлік осы бағдарлама арқылы несиелендірілді. Бұл Қазақстан Даму Банкінің дерегі. Өткен жылы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 20 млрд теңге бөлінді. Ұлттық Банк бұл бағдарламаға 2019 жылдан бастап 2023 жылға дейін жыл сайын осыншама көлемде қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған еді. Алайда осы жылға арналған қаражат қашан түсетіні әзірге белгісіз,-деп хабарлайды хабар 24. Жеңілдетілген несиемен алынатын көліктерге арнайы талаптар қойылатынын еске салайық. Ол Қазақстанда жасалуы тиіс. Құны 15 миллион теңгеден аспайтын темір тұлпар болуы да шарт. Сонда ғана көлікті сатып алу үшін жылдық мөлшерлемесі 4 процент болатын жеті жылға дейін автонесие беріледі.

*****

Маңғыстау облысында енді жолдардың сапасын халықтық бақылау тобы қадағалайды. Аталған топқа ұдайы жол мәселесін көтеріп, өкілетті органдарға жиі барып жүретін қоғам белсенділері кірген. Облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен журналистер де осы құрамда. Бірлескен алғашқы рейдтік шаралар Ақтау халықаралық әуежайынан басталды. Қалаға қосатын трасса бүгінде төрт жолақты болып өзгертіліп жатыр. Жол бойынан мамандар бірнеше сынама алды. Олардың құрамы зертханалық жағдайда тексеріледі. Жол сапа орталығы мамандарының айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі жолдарға 63 рет тексеру шаралары жүргізілген. Бас-аяғы 170 сынама алынған. Олардың 20-ға жуығының сапасы нормативтік-техникалық құжаттар талаптарына сай болмай шықан,-деп хабарлайды baq.kz.