Елімізде баспана бағасы арзандауы мүмкін

Жасыл аймақтағы өңірлер саны тағы бір облыспен толықты. Ол –СҚО. Сонымен қатар, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда облыстарында жағдай тұрақты. Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары «сары» аймақта тұр. Ал, «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары орналасқан.

*****

Ал, ел бойынша екпе салу жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1 820 146 адам вакцина алған. Екінші компонентті салдырғандар саны – 743 866 ға жетті. Вакциналау науқанында Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары және Алматы мен Түркістан облыстарының тұрғындары белсенділік танытуда.

*****

Елімізде баспана бағасы арзандауы мүмкін. Монополияға қарсы қызмет 11 құрылыс компаниясынан осыны талап етіп, ескерту жолдады. Оны елемейтін болса, тиісті тексерулер жүргізілмек. Айтуларынша шаршы метр бағасы негізсіз өсіп жатыр. Бұған зейнетақы қорындағы бір триллион теңгеден астам қаржының жылжымайтын мүлік нарығына құйылуы әсер еткен. Өзге экономикалық фактор жоқ. Ал бұған дейін Құрылысшылар одағы бағаның көтерілуіне материалдардың қымбаттауы себеп деген еді. Енді пәтер құнын арзандатпайтын болса, соны монополияға қарсы қызметке дәлелдеуі тиіс,-деп хабарлайды qazaqstan.tv.

*****

Нұр-Сұлтанда жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, бұл бағдарламаға 36 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Елордалық тіркелім кем дегенде бір жыл болуы керек және бағдарлама үміткерінің жеке баспанасы болмауы тиіс. Ресми жұмыс өтілі 1 жылдан кем емес болуы шарт. Осылайша жастар тұрғын үй сатып алуға жылдық 5% жеңілдікпен 13 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. Сонымен қатар осы жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы да жалғасады. Оның аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жастар баспаналы болады», - дейді елорда әкімі.

*****

Бүгін Халықаралық отбасы күні. Атаулы дата алғаш 1993 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясымен бекітілген. Осы күнге орай қызылордалықтарды Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова facebook-тегі парақшасында құттықтап, әр отбасына шадыман шаттық, сәбидің күміс күлкісін тіледі. Сыр өңірінде қазір 141 мыңнан астам жанұя бар, оның 40 мыңнан астамы көпбалалы отбасы. Туу көрсеткіштері жағынан облыс республикада 5-орында келеді.

*****

Өз кезегінде ел Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты тұрғындардың отбасын құру туралы сауалнама сұрақтарына берген жауабын ұсынды. Сауалнама республикалық маңызы бар 3 қала және 14 облыстағы 59 қалалық елдімекен және ауылдық жерлерде өткен. Онда 18 жастағы және одан асқан 2000 респондент «Сіз бақытты отбасын құра алдыңыз ба?» деген сұраққа жауап берген. Республикалық сауалнама барысында респонденттердің 67,7% бақытты отбасын құра алғанын мәлімдеді. Ал тағы 24,1% әлі отбасылы болмаған, бірақ оған қол жеткізе алатынына сенімді. Бақытты жанұя құра алатынына күмәнданатындардың үлесі – 3,8%» деп хабарлады институт өкілдері.