2003 жыл. Әлем назары Қазақстанға бұрылды

2003 жыл - Тәуелсіз Қазақстанның әр саладағы дамуы түбегейлі өзгеріп, «Қазақстан 2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісе бастаған жыл ретінде есте қалды. Расында «алдымен экономика, содан соң саясат» қағидатын ұстанған жас мемлекет аздаған уақыт аралығында экономикалық, саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруы арқылы әлемге таныла бастады. Бір сөзбен айтқанда, осы уақытта Қазақстан халқы да, оның дүние пайымы да, даму жолы да өзгерді. Біз бүгінгі хабарда тәуелсіз елдің өткен күндерін парақтап, 2003 жылға тоқталамыз.

2003, Қазақстан үшін ерекше жыл болды. Өйткені дәл осы жылдың күзінде, бүгінде бүкіл әлем мойындаған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының» алғашқы съезі өтті. Тікелей Елбасының идеясымен ұйымдастырылған бұл шараның да өзіндік мақсаты бар еді. Ол – қоғамдағы тұрақтылықты қалыптастырып, терроризм мен экстремизмнің алдын алу болатын.

2003 жылдың сәуір айында Елбасы Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жасаған болатын. 5 негізгі басымдықтан тұрған бұл жолдау да ел дамуына айтарлықтай әсер етті. 

Тәуелсіздіктің 12 жылы, Елбасының жарлғымен «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның мақсаты: халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, салт-дәстүрін зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау; ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету еді. Рас, осыдан кейін ұлттық тарихымызды танып, жоғымызды түгендеуге үлкен мүмкіндік ашылды. 

2003 жылы Елордада халықтың игілігіне айналған, отбасылық көтеріңкі көңіл – күй сыйлайтын – «Думан» ойын-сауық орталығы ашылды. Аталған кешен дәл сол жылдың 6 мамырында Гиннестің рекордтар кітабына енді. Көпшіліктің көзайымына айналған орталық 2017 жылы «ЭКСПО» көрмесіне орай және жаңадан ашылған ойын алаңдарына байланысты атауы «AiLand» деп өзгертілген. Бүгінде «AiLand» отбасылық ойын-сауық орталығында океанариум, «Джунгли» аниматроникстер театры, экзотариум-хайуанаттар бағы, 5D - кинотеатр мен кәдесыйлар дүкені орналасқан. Орталықтағы мұхитаралдың өзі – ТМД аумағында салынған тұңғыш нысандардың бірі болып саналады. Мұнда су жануарлары мен теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі тіршілік етеді:

2003 жылы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, зейнетақы мөлшері де арта түсті. Мұнайдан бөлек алтын өндіру ісі де жолға қойылып, елдің табысы еселеді. Тіпті сол жылдан бастап еліміздегі әрбір туған балаға бір реттік жәрдемақы беру ісі қолға алынды. 

Ия, бұл уақытта Қазақстанның сыртқы саясатт да абыройы артып, халықаралық аренада жетістіктерге жетті. Әу бастан ақ бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, сыртқы ықпалдастықта достық қарым-қатынасты мығым ұстана білген Қазақстанның дипломатиясы толық қалыптасып үлгерді, соның нәтижесінде халықаралық деңгейдегі елдің имиджі де арта түсті. Жас мемлекет оз астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын өткізді. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның сол жылдағы ең басты жетістігі. Толығырақ аудио нұсқада...