«Балапан саз» радиобайқауының қорытынды концерті өтті

Бүгін 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының эфирінде жүретін «Балапан саз» радиобайқауының қорытынды концерті өтті.

Байқаудың арнайы хабары ағартушы–педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Қазақ радиосының ғасыр тойы және Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының 100 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылды.


Радиобайқауда іріктеудің екі бөлімінен сүрінбей өткен 20 қатысушы өз бақтарын сынады. Арасында жеке, дуэтпен, топпен орындаған әнші балалар да болды.


Қазылар алқасының шешімімен ересек топ арасынан Музарт Құрманәлі, кіші топ арасынан Ақнұр Жұматай гран-при иегері атанды. Жүлделі бірінші орынды ересек топтан Ажар Рүстемқызы, кіші топтан Інжу Қанағат иеленді. Екінші орынға ересек топтан «Rayan» тобы, кіші топтан Жібек Нұрманова лайықты деп танылды. Ал үшінші орынға ересек топтан Еділ Бейімбет, кіші топтан Нұркелді Пайзыкен ие болды.


Барлық жеңімпаздарға демеушілер атынан арнайы бағалы сыйлықтар табысталды. 


Ұлтымыздың үн жариясы Қазақ радиосында «Балапан саз»  хабарының сазсандығы балалар әндеріне тола берсін!