Қазақ радиосында ашаршылық тақырыбындағы алғашқы радиоспектакль. Қойылым Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының репертуарынан жазылып алынды.
«ЖҰТ» қазақ халқының тарихындағы айшықты оқиғаның бірі, ел басына нәубет түскен ашаршылық жылдардағы елдің жай-күйін суреттейтін драма Драма авторы Мәскеуде тұратын қандасымыз, жас драматург Олжас Жанайдаров. Қоюшы режиссері Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М. Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Айрат Әбушахманов.
Бұл шығарма Ресейде өте танымал. Автор осы пьеса үшін 2013 жылы ресейлік «Действующие лица» байқауында бірінші орынға ие болған.
Жаман халық жоқ, ал жаман адамдар әр халықта бар. Бойында ар-намысымен қатар пасықтығы да бірге жүретін адам баласы қанша қасірет кешсе де, өзін жоғалтпай, адамдық қасиеттерін сақтап қала ала ма? Қойылым барысында қиын-қыстау заманды бастан кешкен адамның өз келбетін қаншалықты сақтағанын аңғарып, тағдыр сынағына қалай төтеп бергеніне тәнті боласыз.
Ашаршылық жеке адамның не отбасының ашығуы емес, бүтін бір аймақтың, халықтардың, мемлекеттердің басына түсетін нәубет. 1930 жылы Үкімет қаулысынан кейін елдегі ірі байларды жаппай кәмпескелеудің соңы мал шаруашылығын оның ішінде , қой шаруашылығын да қатты күйзеліске ұшыратып 1930-1932 жылдардағы ашаршылыққа алып келді.Трагедияға толы жылдары аштық зардабы әр отбасының басында орын алды. Сахнада 1930 жылдарда қазақстанда болған жағдай суреттеледі. Оқиға күздің аяғы мен қыстың бас кезінде өтеді.
Кейіпкерлер мен орындаушылар:
Ахмет – Нұрсұлтан Есен
Сауле – Айнұр Жетпісбаева
Ербол – Асылбек Қапаев
Лена – Ақмарал Танабаева
Хабардың авторы - Толқын Сұлтан
Дыбыс режиссері - Қайсар Ердеш