Салт аттылар сапары

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен салт аттылардың көпкүндік экспедициясы өтіп жатыр. Бұл жақында ғана ашылған Ұлттық Ат туризм федерациясының тұсаукесер сапары.

Экспедицияға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, Бозоқ қорық-музейі қолдау көрсетіп отыр.

Сапардың басталу салтанатына тарихшылар, жылқытанушылар және БАҚ өкілдерімен қатар «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС директоры Ернұр Бурахан қатысты. 

Нұр-Сұлтан – Жидебай бағытында 1000 шақырымды бағындыруға аттанатын әуесқой салт аттыларға Ернұр Бурахан ұлт үнжариясының туын табыстап, сәт сапар тіледі. 

Алдағы уақытта Қазақ радиосы көпкүндік сапарға ақпараттық қолдау көрсететін болады.

Маусым айының 10 мен 30-сы аралығына өтетін бұл сапар ең алыс қашықтыққа еліміз тарихында тұңғыш рет өткізіліп отыр. 

Экспедицияның негізгі мақсаты – еліміздегі тарихи нысандарды атпен аралау, Елбасымыздың «Атқа міну мәдениетін» насихаттау, Қазақстанда жылқы туризмін дәріптеу және еліміз жастарының тарихымызға, киелі жерлеріміз бен атқа мінуге деген қызығушылығын ояту. Сонымен қатар бұл сапар өткен жылы, яғни, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында өтуді жоспарлаған болатын. Алайда, әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты бір жылға шегерілді.

Көпкүндік сапар Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ежелгі Бозоқ қалашығынан бастау алып, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы жерлеріндегі Олжабай батыр, Едіге би, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Бұқар жырау, Абай-Шәкерім кесенелері, Қоянды жәрмеңкесінің орны, Торайғыров музейі т.б. қатарлы киелі, тарихи орындарды аралайды. 

 Сапар барысында экспедиция мүшелері (15 адам) еліміздің 4 облысының 20-дан астам ауылына ат басын тірейді. Одан бөлек 15-тен астам тарихи нысанды басып өтеді. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет 1000 шақырымға созылатын тарихи сапар. Экспедиция құрамында еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, ШҚО, Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері – тарихшылар, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, ақындар болады. Сонымен қатар экспедиция қонағы ретінде Мәскеуден келген ф.ғ.к. қатысады.

Сапар 10 маусым күні Үркер шағын ауданындағы Бозоқ қалашығының орнынан таңертең сағат 10-да басталады. Осы жерде Ұлттық Ат туризм федерациясының ресми ашылу салатанаты өтеді.

Ел тарихындағы айтулы сапарға BAQ.KZ АА мен Argymaq.kz және at-travel.kz порталдары ақпараттық демеушілік жасайды.