Ауыл әкімдерін енді халық тікелей сайлайды

Алакөлге қатынайтын пойыз бағыттары белгіленді. «Бүгінде Алакөлге бірнеше өңірден пойыздар қатынайды. Соның бірі «Нұр-Сұлтан-Достық» бағыты, ал 20 маусымнан бастап аталған бағыт бойынша тағы бір пойыз қатынай бастайды. Ал Алматыдан 18 маусымнан бастап «Алматы-Достық» пойызы жүре бастайды. Тасымалдаушы «Vagon Service Almaty», сонымен қатар Алматы 2-Достық» бағыты бойынша да пойыз желісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасылмалы» АҚ бас директорының орынбасары Виктор Бошманн айтты. Одан бөлек, Алакөлге ШҚО-дан «Семей-Достық», «Өскемен-Достық» және «Ақтоғай-Достық» пойыздарының жүретіндігі айтылды. «Достыққа 1 ұлттық және 3 жеке тасымал компаниясының пойыздары қатынайды. Қазіргі уақытта барлық бағыттар бойынша алдағы 45 күнге 76 мың пойыз билеті сатылымға шықты», - дейді ол. Оның айтуынша, Алакөлге Алматы қаласынан пойыз билетінің тапшылығы байқалады.

*****

Ауыл, ауылдық округ, кент, әкімдерін енді Халық тікелей сайлайды. Биыл 800 әкім сайланады. Ал 2024 жылдан бастап халық аудан әкімдерін сайлайды. Осылайша алдағы бірнеше жылда әкімдердің 85-90 пайызын жергілікті халық өздері таңдайтын болады. Заңда әкімдерді ұсынудың 2 жолы көзделген. Біріншісі – саяси партиялар ұсынады, екінші жолы – халық арасынан өзін өзі ұсыну. Өзін өзі ұсыну үшін ауылдағы сайлаушылардың 1% дауысын жинау керек. Бұл туралы толығырақ "Экономиалық зерттеулер институты" АҚ Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нұрболат Құрметұлы айтып берді.

*****

Қызылорда облысында жыл ішінде жалға берілетін 945 пәтерлік 54 үй, оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 үй салынады. Облыс бойынша мемлекеттік бюджет есебінен әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған тағы 342 пәтер жеке құрылыс иелерінен сатып алынады. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.  

*****

Коронавируспен ауырғандар және науқастармен байланыста болғандар карантин режимін бұзса 87 мың теңге айыппұл төлейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты.

*****

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар мен олармен байланыста болған адамдар үшін оқшауланудың міндетті режимін көздейтін санитарлық ережелерді бекітті. Аталған талаптарды орындамағаны үшін құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалар 30 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл ереже бүгін күшіне енді», - деді Сархат Бейсенова. Оның дерегінше, «Ashyq» қосымшасы іске қосылған сәттен бастап үй каратинін бұзған 3 140 адам анықталды. Олардың 1 436-сы коронавируспен ауырса, 1 704-і науқастармен байланыста болған.