Қазақстан қоржынына Олимпиадаға 63-жолдама түсті

Ұлттық банк «7-20-25» және «Баспана хит» тұрғын үй бағдарламаларының аяқталу мерзіміне қатысты түсінік берді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, «7-20-25» бағдарлама бойынша осы уақытқа дейін 333,3 млрд теңге игерілді. Халықтың жоғары сұранысы мен ипотекалық несиенің қарқынына қарап, бұл бағдарлама 2022 жылдың соңына дейін, яғни бөлінген лимит таусылған соң аяқталады.

*****

«Баспана хит» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінген, соның ішінде 520,8 млрд теңгені құрайтын 56 752 қарыз берілген. Алайда, бағдарлама «айналмалы» тетік арқылы, яғни, қаржыландырудың ортақ сомасы алдында жабылған қарыз есебінен көбейетінін ескере келе, несиелендірудің жалпы көлемі 675 млрд теңгеден асуы мүмкін. Қаржының белсенді түрде игеріліп жатқанын ескере отыра, «Баспана хит» ипотекалық жобасы 2021 жылы аяқталады деген болжам бар», - деді Берік Шолпанқұлов.

*****

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев есеп беру кездесуін өткізді. Ондайн форматта өткен жиында ведомствоның өткен жылғы атқарған жұмыстары мен биыл қолға алынған шаралары баяндалды. Министрдің айтуынша, елімізде тәртіп сақшыларының тиімді жұмысының арқасында қылмыстар саны төмендеген. Дегенмен, Ерлан Тұрғымбаев интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмысы 2 есе артқанын жеткізді. Бұл қылмыс тұрінің басым бөлігін шетелдердегі азаматтар жасайды,-дейді министр.

*****

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға сәйкес, «қызыл» аймақта әлі Нұр-Сұлтан қаласы қалып отыр. «Сары» аймақта Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары бар. Бүгін «жасыл» аймаққа өткен Павлодар облысымен қоса, қалған өңірлерде жағдай тұрақты. Дегенмен, өткен тәулікте Қазақстанда 1120 адамда коронавирус инфекциясы расталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 399096 ға жетті. Оның 374070-сы аурудан айықты. Бүгінгі жағдай бойынша, 21 951 науқас емделуде. Індетке шалдыққандардың арасында 521 адамның жағдайы ауыр.

*****

Қазақстан қоржынына Олимпиадаға 63-жолдама түсті. Көркем гимнастикадан Ташкентте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында қазақстандық Алина Әділханова чемпион атанып, Токио Олимпиадасына жолдама алды. Жарыс ережесі бойынша, тек жеңімпаз атанған спортшыға Олимпиада жолдамасы табысталады. Осылайша, сары құрлықтан Токио ойындарына берілетін жалғыз лицензияны біздің жерлесіміз еншілеп отыр. Айта кетейік, бүгінге дейін Қазақстан спорттың 25 түрінен Олимпиадаға 63 жолдама жеңіп алды.