Жұлдызын жоғалтқан жанның жанайқайы

Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабарына қоңырау шалған Зоя Сейітназарова Алматы қаласының тұрғыны. Зоя қызы Жұлдызды іздеп жүр. Зоя Сейітназарованың қызын үйінде отырып бала күтуші қызметін атқарған Сәния Кубирова деген әйел 2005 жылы 7 мамырда Алматы қаласы Ақсай-2 шағынаудандағы Балалар үйіне өткізіп жіберген. Зоя Сейітназарованың Сәния Кубироваға қызына қарағаны үшін төлейтін ақшасы болмаған. «Ақша әкелмесең, қызыңды бермеймін» деп ескерткен. Сол уақытта Зоя Сейітназарова жұмыстан шығып қалады да, бала күтушісіне күнделікті төлейтін 300 теңгесі болмайды, күн сайын қарыз өсе береді. Жұлдыз бала күтушінің үйінде тұрған. Зоя Сейітназарова қызын күн сайын кешкісін өзімен бірге алып кете де алмаған, өйткені, өзі ол тәулік бойы жұмыс істейтін дүкенде қызмет еткен, ал дүкенде баламен бірге тұруына тыйым салынған.

Зоя Сейітназарованың қызы – Жұлдыз 2001 жылы 30 қыркүйекте Алматы қаласында туған. Жұлдыз биыл күзде жиырмаға толады. Анасының айтуынша, ол қызынан бас тартпаған, аналық құқығынан айырылмаған, ешқандай сот отырысы болмаған. Зоя Өзбекстан Республикасының тумасы. Қазақстанда азаматтығы жоқ куәліктің өзін 2017 жылы алған. Қызы Жұлдызды босанғанда келіншектің құжаты болмағандықтан, Жұлдызға да Туу туралы куәлік алмаған. Перзентханада нәресте «Жұлдыз Хайтбаева» деп күйеуінің атына жазылса, «Балалар үйіне бала күтушісінің фамилиясымен «Жұлдыз Кубирова» болып тапсырылған»,- дейді анасы.

Жұлдызды іздеп Алматыдағы Ақсай-2 шағынаудандағы Балалар үйіне анасы бірнеше рет барған, қызын сол мекемеден көрген. Балалар үйінің меңгерушісімен сөйлескен, ол маманның есімі «Гүлмира» болуы мүмкін, толық аты-жөні есінде жоқ. Зоя Сейітназарова Ішкі істер бөлімшесіне де барған, бірақ, өзінің де, қызының да құжаты болмаған соң, арыз жаза алмаған.

Осы ақпараттағы Балалар үйінің меңгерушісін немесе бала күтуші Сәния Кубированы танитындар болса, баяндалған оқиғаны білетіндер болса, «Бармысың, бауырым?» хабарына қоңырау шалуларыңызды сұраймыз. Байланыс нөмірі: +77075355383, +7(7172)757-311.

Жақыныңыз жаныңыздан табылсын!