Президент жас әнші Рухия Байдүкенованы жеңісімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жас әнші Рухия Байдүкенованы Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен «Славянский базар» байқауындағы сенімді жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

– Әлемнің көптеген елінің кіл мықты таланттары қатысқан осынау айтулы байқауда көрсеткен өнеріңіз – Сіздің кәсіби даралығыңыздың, табиғи дарыныңыз бен әртістік шеберлігіңіздің айқын дәлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында. 

Мемлекет басшысы Рухия Байдүкенованың табысты өнер көрсетуі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында барша қазақстандықтарға жасаған тамаша тарту болды деп санайды.