Тамыз айында коронавирустың таралуы шарықтау шегіне жетуі мүмкін

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерді Pfizer/BioNTech препаратымен вакциналау жоспары туралы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24». Министрдің айтуынша, бұл – ата-ананың таңдау құқығы. Азаматтар вакциналау керек пе, жоқ па - мұны өздері шешеді», – деді министр. Шетелде Pfizer және BioNTech вакциналарын балаларға салу басталған. Солардың ішінде Канада әлемде бірінші болып 12 жастан бастап екпе салдыруға рұқсат берді. Ал жоғарыда аталған Pfizer вакцинасы елге жыл соңына қарай 2 миллион дозамен келуі мүмкін. Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-ші компонентін 4 895 174 адам, 2-ші компонентін 2 798 360 адам салдырған.

*****

Елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтініш қабылдау басталды. 20-шы қыркүйекке дейін 14 пен 29 жас аралығындағы дарынды жастар ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және айти технология бойынша жобаларын ұсынады. Үздіктер екі кезең бойы іріктеледі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жобаға 3 млн теңгеден грант беруді Мемлекет басшысы ұсынған. Мұндағы мақсат – қабілетті жастарға қолдау көрсету. Әр үміткер өз жобасын онлайн таныстыруы керек. Ал жеңімпаздар әр үш ай сайын жобаны жүзеге асыру барысы туралы есеп беріп отыруы тиіс. 

*****

Шығыс Қазақстан облысында Құнанбай әулетінің қорымы қатты жел салдарынан астан-кестен болды. Былтыр жаңғыртылған тарихи нысан табиғаттың тосын мінезіне шыдас бермеді. Темір қоршаулар құлап, тынығу орны мен естелік тақта қирады. Қазір төңіректі ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал кешенді қайта абаттандыру үшін 600 мың теңге қаражат қажет.

*****

Ұлыбританияда коронавирусқа қарсы шектеу шаралары алынды. Енді тұрғындарға маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтамаса да болады. Түнгі клубтар, театр мен стадиондар келушілерді қабылдай береді. Қашықтан жұмыс істегендер кеңсеге оралады. Ал вакцинаның екі дозасын алған британдықтар шетелден қайтып келгенде, карантиннен босатылады. Ұлыбританиядағы бұл локдаун Еуропадағы ең ұзақ шектеу шарасы болды. Қаңтардың басында енгізілген карантин маусымның аяғында алынып тасталуы тиіс еді. Алайда коронавирустың дельта штамына байланысты бұл шешім кейінге шегеріліп, билік екпе салу науқанын күшейтті. Қазір Ұлыбритания Еуропа бойынша вакциналау қарқыны жағынан алда келе жатқан елдердің бірі саналады. 

*****

Олимпиада ойындары басталмай жатып, жанжал шықты. Польшадан Жапония астанасына келген 6 жүзгіш үйіне қайтуға мәжбүр болды. Олимпиада ойындарына өтініш бергенде, Польшаның жүзуден ұлттық құрамасында 23 спортшы тіркеліген. Алайда құжатта қателіп кетіп, тізімде 17 адам қалған . Спортшылар мұны Токиоға ұшып келгенде ғана білген. Сондықтан алтауы ойынға қатыспай, кері қайтқан. Енді атлеттер Польшаның жүзу федерациясының президентінің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Бұған дейін Токиодағы Олимпиадаға қатысты тағы бір жанжал шыққан еді. Угандадан келген ауыр атлет ПТР-тест тапсыру алдында қонақ үйден жоғалып кеткен. Ол отанына кері қайтпай, Жапонияда жұмыс істегісі келетіні туралы хат қалдырған. Қазір 20 жастағы спортшы іздестіріліп жатыр.