Еркебұлан Дайыров Азияның үздік актері атанды

Қызылорда облысында 10 мыңға жуық адамның жол қатынасын жақсартатын Қарлаң көпірін салу мәселесі оң шешімін тапты. Аталған көпір Қазалы ауданының аумағында орналасқан. Қазір Қарлаң учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы көпір салу жобасының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы сметалық құны – 4 млрд. 400 млн.теңге. Айта кетейік, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолындағы жоспарланған көпір құрылысы 11 елді мекеннің байланысын арттырады. Олардың қатарында аудан орталығы - Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендері бар. Көпір құрылысы аяқталса, шекаралас жатқан Өзбекстан мемлекетімен сауда-саттық қарым-қатынасы жақсарады. Өзеннің арғы бетіндегі егін және балық шаруашылығын дамытуға да септігін тигізеді. 

*****

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің деректері бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта өндірістегі жазатайым оқиғалардың кесірінен 691 қызметкер зардап шекті, оның 78-і қайтыс болды. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,8 процентке өскен. Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі бұрынғыдай Қарағанды (139 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (82 адам), Ақтөбе (56 адам), Павлодар (54 адам), Қостанай (49 адам), Түркістан (37 адам) облыстарында және Алматы қаласында (42 адам) болған. Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен-металлургия кешенінің және құрылыс саласының жұмысшылары. 

*****

Кино және театр актері Еркебұлан Дайыров Азияның үздік актері атанды. Отандасымызға бұл мәртебелі марапат Канн фестивалінің қорытындысы бойынша табысталды. ркебұлан Дайыров – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Көптеген кино туындыға түскен. "Қазақ хандығы" тарихи кино дастанында Жәнібек ханның рөлін сомдады. Бауыржан Момышұлы туралы фильмде де басты рөлде ойнаған.

*****

Қазақстандық Ярослова Шведова жұптық сынға қатысатын спортшы таппай жатыр. Басында келіскен жұбы Елена Рыбакина жекелей бәсекеге шығады және бар күшін соған салады. Бұл жөнінде вести.кз спорт порталы хабарлады. Ал жекелей сында Шведова австралиялық Айла Томляновичпен жолығады. Рыбакина тағы бір австралиялық теннисші Саманта Стосурмен кездеседі. Қазақстандық Александр Бублик әлемдік рейтингте екінші тұрған ресейлік Даниил Медведевпен жолығады. Тағы бір жерлесіміз Михаил Кукушкин рейтингте өзінен 60 саты жоғары орналасқан аргентиналық Федерико Кориямен кордқа шығады. Теннис бойынша іріктеу сындары 24 шілдеде басталады. 

*****

Бүгін, 22 шілдеде UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы алғашқы кездесуде елордалық «Астана» Грекияның «Арис» командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Астана сапынан Марин Томасов қатарынан екі гол соқты. Қарымта кездесу 29 шілдеде Грекияда өтеді. UEFA Конференция лигасы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасынан кейінгі үшінші деңгейдегі құрлықтық клубтық футбол турнирі. Оған UEFA құрамындағы рейтингі төмен чемпионат командалары қатысады. Әрбір елдің чемпионы бұрынғысынша Чемпиондар лигасында бақ сынайды. Ал 2-3 орын алған клубтар және Кубок иегерлері Еуропа лигасына емес, Конференциялар лигасында доп тебеді.