Бүгін - Абай күні. Айтулы датаға орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хәкімнің шығармаларын елімізде ғана емес, шетелде де насихаттау қажеттігін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы твиттердегі парақшасында жазды. «Біз ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтай береміз. Өйткені халқымыздың болмыс-бітімі, ділі, дүниетанымы оның шығармашылығында тұтастай көрініс тапқан. Абай шығармаларын елімізде ғана емес, шетелде де насихаттауымыз керек», - деп жазды Мемлекет басшысы.
///
Абай күніне орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бас қаладағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Зиялы қауым өкілдерімен бірге ақынның рухына тағзым етті. Шараға Президент әкімшілігі қызметкерлері, бірқатар министрліктер мен шаһар басшылары, мемлекеттік орган өкілдері қатысты. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» деген ұлы Абайдың өсиетін орындау – бүгінгі ұрпақтың парызы», - дейді мемлекеттік хатшы. Айта кетейік, былтыр Үкімет қаулысымен ұлы ақынның туған күні - 10-тамыз Абай күні болып бекітілген еді.
///
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны қайталап егу жоспарда бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Ревакцинацияның екі түрі болады. Біріншісі ұжымдық иммунитет 60-70 пайызға жеткенге дейін шұғыл егіледі. Екіншісі – жоспарлы вакцинация, ол жылына бір рет салынады. Ведомство басшысы қайталап егу екінші дозаны алғаннан кейін шамамен 9 айдан соң жүзеге асырылатынын айтты. Қазір ревакцинация АҚШ, Израиль, Ресейде пысықталып жатыр. «Бұл елдерде алғашқы вакцинациядан бері 9 айдан астам уақыт өтті. Қазақстанда ревакцинация жүргізу қазан айында басталуы мүмкін. Ақпанда бірінші екпені алған азаматтарға осы мерзім оңтайлы болды. Шараларды нормативтік тұрғыда бекітеміз. Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен кеңесетін боламыз» - деді Алексей Цой. Министр қазанда «Pfizer» вакцинасы жүкті әйелдер мен балалар үшін қолжетімді болатынын айтты. Бұл - уақытша шектеу. Ведомство басшысы аталған препаратты күтпей, басқа екпелерді салдыруға шақырды. Бұған қоса, бір апта ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған тағы бір препарат Қытайдан жеткізілетін болады.
///
Кәсіпорындардағы вакцинациялау шараларын бақылау жұмыстары 1-қыркүйектен басталады. Мамандар әзірге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Десе де, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, компания қызметкерлері осы уақытқа дейін екпенің бірінші компонентін алуы тиіс. Күзге дейін тексеру шараларының нақты алгоритмі бекімек. Қызметкерлердің екпе алуын бақылаудың үш тәсілі бар. Алғашқысы, мониторингтік топтар арқылы, екіншісі аймақтық кәсіпкерлер палатасы арқылы және медициналық базадағы паспорттты тексеру арқылы қаралады. Жергілікті департамент мониторингтік топтан нұсқау алған жағдайда ғана екпе алмағандарды әкімшілік жазаға тартуға құқылы. Екпе салдырмағаны үшін кез-келген мекеменің маманымен қоса басшысы да жазалануы мүмкін. Ал қарсы көрсетілімі жоқ адамдар жеті күнде бір рет ПТР тест тапсыруы тиіс.
///
Енді елдегі эпидахуалға ойыссақ. Жағдай әлі де күрделі. Қазір 16 өңір «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта тек Түркістан облысы ғана. Ал, кеше бір күнде коронавирус пен пневмониядан 107 науқас қайтыс болды. Күн сайын вирус жұқтырғандар саны да артып жатыр. Кеше тағы 7 235 адам ауруға шалдықты. Ал, вирустық белгілері бар пневмонияға 35 адам шалдыққан. Қазір 111 мыңнан астам тұрғын ем алып жатыр, 2 мыңға жуығы ауыр жағдайда. Індетке қарсы вакцинаның 1-ші компонентін алғандар 5 млн 807 мыңнан асты.
///
Маңғыстаулық жігіт вакцина салдырып, пәтер ұтып алды. «Екпе салдыр да, пәтер ұтып ал» акциясына қатысқан 27 жастағы маңғыстаулық тұрғын Қайрат Қосаевқа 38-інші шағынауданда орналасқан 2 бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Жеңімпаздың айтуынша, вакцинаны ол ұтысқа қатысу үшін емес, өз денсаулығын күту мақсатында салдырған. Ол облыс тұрғындарын қазіргі эпидемиологиялық ахуалға салмақты қарап, екпе алуға шақырды. «Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Бастапқыда бұл науқанға сенген жоқпын. Қазір шынайы екеніне көзім жетіп отыр. Қуаныштымын. Жеке баспанам жоқ еді, енді ата-анам Ақтауға көшіп келгенде тұратын үйі дайын», – деді Қайрат Қосаев.
///
Сауд Арабиясы шет мемлекеттерден кіші қажылық жасауға қатысты өтініш қабылдай бастайды. Бұл туралы Корольдіктің баспа агенттігі хабарлады. Үкіметтік ақпарат агенттігінің мәлімдемесіне сәйкес, Ұмраға бару үшін азаматтар міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцина алғанын растайтын сертификат ұсынуға тиіс. Сонымен қатар сақтық шараларын қатаң сақтауы керек. Естеріңізге сала кетейік, Сауд Арабиясы бұған дейін коронавирустың таралуына байланысты Ұмра қажылығына келетіндердің елге кіруіне тыйым салған болатын.
///
Семейлік оқушылар 3 мың рубик текшесінен Абайдың панно портретін жасап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Портретке 3000 рубик текшесі қажет болған. Оқушылар панноны 6 сағатта құрастырған. Туындының жалпы салмағы 450 келі. Абайдың панно портреті Семейдегі музейге қойылып, тамыз айының аяғына дейін келушілердің назарына ұсынылады.