2012 жыл – Мәңгілік Ел идеясы

Тәуелсіздіктің 21-ші жылы Қазақстанның саяси өмірінде жаңғыру жаңалықтарымен басталды. 2011 жылдың күзінде Парламент депутаттары Мемлекет басшысының атына Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жариялаған болатын. Депутаттар Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерді көрсете отырып, Мәжілісте кем дегенде, екі саяси партия болуы тиістігін алға тартты. Бұл ғана емес, Үндеу аясында 2008-2009 жылдардағы орын алған күрделі әлемдік дағдарысқа да назар аударылды. Елбасы осы мәселелерді саралай келе «Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленген еді. 

2012 жылдың 1 қаңтарында елімізде Біртұтас экономикалық кеңістік іске кірісті. Бұл бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың наурызында Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, ғалымдар мен саясаткерлердің назарына ұсынған болатын. Дәл осы ұсынымнан кейін 2000 жылы Елордада Қазақстан, Ресей, Белорусь мемкеттері арасында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық аясындағы шартқа қол қойылды. Кейін бұл шарт жүзеге асып, біздің еліміз төрағалық ететін Еуразиялық экономикалық одақ пайда болды. 2012 жылы Бас қалада өткен V - Астана экономикалық форумының негізгі тақырыбы да осы еді. 

Форумға әлемнің 85 мемлекетінен 6500 өкіл және 300-ден астам журналист қатысқан. Сондай-ақ 2012 жылы Елбасы V - Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде аталған алаң әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны қамтиды. 

2012 жылы елімізде өткен тағы бір маңызды оқиға «Бейбітшілік пен келісім - адамзат таңдауы» деген тақырыптағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі еді. Дүниежүзілік деңгейдегі бұл басқосуға арнайы шақырылған дінбасылары мен құрметті меймандар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сөз сөйлеп, әлемнің 40 елінен келген 85 делегация басшылары мен қатысушыларына ыстық ықыласын білдірген болатын. 

2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жариялағанымен де ерекшеленеді. Жылдың соңында «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындады. Қуатты да табысты мемлекет құрудағы түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісім мен татулығы, ұлттық экономика, ядролық қаруды таратпау, жаңа кадр саясаты, бюджет, салық, ақша-несие, тағы да басқа басым бағыттар нақтыланды. Қазақстандықтарды бірлікте болуға шақырды, бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол - қасиетті қазақ даласы екендігіне маңыз берілді.

2012 жылдың 27 шілдесінде Лондонда ХХХ Жазғы Олимпиялық ойындар салтанатты жағдайда ашылды. Әлемдік доданың ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы Лондонға жасаған бұл сапарында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Ал 17 тамызда Елордада Лондон Олимпиадасында бақ сынаған Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Аталған олимпиадада Қазақстан жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орынға ие болған. Еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігі баянды болғай! 

Толығырақ хабардың аудио нұсқасында.