Ертең мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы жарияланады. Президент 1 қыркүйек сағат 11-де Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысады. Заң шығарушы органның мінберінде Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдау жарияланады. Жолдауда еліміздің алдағы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары көрсетіледі.
*****
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты тапсырмалары орындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Білім және ғылым министрлігіне оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру жоспарын әзірлеуді тапсырған еді. Осыған байланысты отандық баспалармен оқулықтардың электронды нұсқаларын тегін пайдалану мәселесі келісілді. Барлық оқулықтың электронды нұсқасы Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланды.
*****
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді. Бұл лауазымға бұрын қорғаныс вице-министрі болған Мұрат Бектанов келді.
*****
Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық объектілеріндегі оқ-дәрілердің сақталу жағдайын тексеру жөнінде комиссия құрылды. Комиссияға Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық етеді. Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшілікті анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.
*****
Әскери бөлімшедегі жарылысты тексеру мақсатында жедел тергеу тобы құрылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға орнында Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының қызметкерлері мен кинологтар да іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Оқиға орнынан 15 әскери қызметші мен құтқарушының денесі табылды. Еске сала кетейік, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін және оқиғаның салдарын жою үшін 800-ден астам полиция мен ұлттық ұлан сарбазы, 113 арнайы техника жұмылдырылды.
*****
Алматыда қол астындағы қызметкеріне қол көтерген полиция қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды, деп хабарлайды zakon.kz. Қызметкерін қуып жүріп сабаған Алматы қаласы Наурызбай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары екені анықталды. Осыған қатысты тәртіптік комиссияның шұғыл отырысы өткізіліп, ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіргені және ҚР мемлекеттік қызметкерінің Этикалық кодексі нормаларын бұзғаны үшін оны жұмыстан босату туралы шешім қабылданды. Бұл бөлімнің бірқатар басшылары да қызметінен босатылды. Сонымен қатар, 362-бап, "Билігін немесе өкілеттігін асыра пайдалану" бойынша тергеу басталды.
*****
Қазақстанда бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, екі компоненттен тұратын міндетті вакцинациялау мерзімі 1 қыркүйекте аяқталады. Құжатқа сәйкес, Ерлан Қиясов COVID-19-ға қарсы 2021 жылдың 10 тамызына дейін бірінші компонент бойынша, ал 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін екінші компоненті бойынша профилактикалық егулерді ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін бұл мерзім 15 тамызға белгіленген болатын. Екпені міндетті түрде алуы тиіс мамандықтар тізімі де жарияланған. Вакцинаға қарсы көрсетілімі жоқ вакцинацияланбаған қызметкерлер ПТР-тест анықтамасы болмаса жұмысқа шыға алмайды, ол үшін жұмыс берушіге айыппұл салынуы мүмкін.
*****
Ата-анадан баласының денсаулығына өзі жауапты екендігі жайлы қолхат талап ету заңсыз. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы мәлімдеді. «Офлайн форматта оқыту, ең алдымен, сапалы білімді қамтамасыз етуге қажет», - деді Мөлдір Әбдуалиева. Айта кетейік, әлеуметтік желіде ата-аналар мектеп тарапынан талап етілетін қолхатқа қатысты шағым түсірген.
*****
Еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптар өзгерді. Жаңашылдықтар мамандықтарға байланысты енгізілді және жоғары білімнің практикалық бағдарлануын күшейтуге бағытталған. Егер бұрын «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша оқытушылардың 45%-інде ғылыми дәреженің болуы міндетті болса, ал қазір бұл көрсеткіш кемінде 50 процент болуы тиіс. Бұдан басқа, жоғары оқу орындары дуалдық оқыту жүйесін енгізіп, іске асыруы қажет. Яғни, студенттер білім беру ұйымдарында тәжірибеден өтіп, оқу кезінде практикалық дағдыларды меңгеруі тиіс. Ол үшін университеттер білім беру ұйымдарымен және салалық мекемелермен тығыз байланыста болуы қажет. «Денсаулық сақтау» бағытына келетін болсақ, енді бейінді пәндерді жүргізетін оқытушылардың тең жартысында Денсаулық сақтау ұйымдарында кемінде 5 жыл практикалық және клиникалық жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Бұған дейін денсаулық сақтау саласындағы оқытушыларға мұндай талаптар қойылмаған.
*****
Паралимпиада жүлдегерлері елге оралды. Алматы халықаралық әуежайына келген рейсті спортшылардың жанкүйерлері мен жақындары күтіп алды. Токиодағы Паралимпиада ойындарына қатысқан дзюдошыларымыз үш күміс медаль ұтып алды. Олардың қатарында Әнуар Сариев, Зарина Байбатина мен Дәулет Теміржан бар. Жүлдегерлерді жеңісімен құттықтаған демеушілер әрқайсысына миллион теңгелік сертификат табыс етті. Ал мемлекет тарапынан берілетін басты сыйақы 150 мың доллар.