Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлауға қатысуға өтінім берді

Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлауға қатысуға өтінім берді. Женевадағы штаб-пәтерде ұйымға мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен ұлттық өтінімнің таныстырылымы өтті. Кеңес құрамындағы 18 орынға 2022-2024 жылдарға 18 ел үміткер болып отыр. Бұл тізімде Азия-Тынық мұхит аймағы мемлекеттерінен Үндістан, Қазақстан, Катар, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдер бар. Қазақстанның өтінімін Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ұсынды. Ол шараға қатысушыларды жүргізіліп жатқан саяси реформалар, заңнамалық бастамалар, сондай-ақ құқықтық және адамгершілік бағыттағы мемлекеттік міндеттер мен басымдықтар туралы хабардар етті. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлау нәтижелері қазан айының ортасында белгілі болады.

 ///

Елордада 6 елдің өкілдері Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Нұр-Сұлтанда Орталық және Оңтүстік Азия елдері бас штаб бастықтарының қатысуымен конференция өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, АҚШ, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері қатысып, өңірдегі қауіпсіздік шеңберіндегі ахуалды, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды талқылады. Конференцияға қатысушылар соңғы кездегі орын алған қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ өңірлік құрылымдар, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі мен орнын қарады. Сонымен қоса, Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттерінің ынтымақтастық бағыттары айқындалды.

///

Жалған ПТР-тест анықтамасын саудалаған ерлі-зайыпты жауапқа тартылды. Ақтөбе қалалық соты дәрігер мен оның күйеуін 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Тергеу кезінде облыс орталығындағы жеке медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін әйелдің «қатерлі дерттен құлан таза» деген анықтама әзірлегені белгілі болды. Делдалдық қызмет көрсеткен күйеуі құжаттарды шекарадан өтпекші болған 11 адамға 7 жарым мың теңгеге саудалаған. Тергеу барысында олар кінәсін толық мойындады. Сот үкімімен олар қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 555 600 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды,-деп хабарлайды baq.kz.

///

Өткен тәулікте Қазақстанда 2 930 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 848 318 адамға жетті. Вакциналау науқаны жалғасуда. 1-компонентті 7 млн-нан астам адам салдырды, 5 млн 982 мыңнан астам адам толық иммундаудан өтті. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы, Түркістан және Алматы облыстары алдыңғы орында келеді.

 ///

Павлодар облысында коронавирустың кесірінен жүкті әйелдер бақылаусыз қалған. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, 8 айдың қорытындысы бойынша 1 ана көз жұмып, 36 нәресте шетінеген. Мұндай оқиғалар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4%-ға өскен. Оның ішінде перинаталдық кезеңде туындаған өлім-жітім себептері: жүктілікті көтермеу және мерзімінен бұрын босану жағдайлары бар. Бұл жүкті әйелдермен жұмыс сапасының төмендігін көрсетеді, - дейді Айдар Сейітқазинов. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары барынша коронавируспен күреске жұмылдырылған. Осылайша жүкті әйелдер бақылаусыз қалған. Қазіргі таңда жүктіліктің ерте сатысында есепке қою бойынша жұмыс күшейтілді,-деп хабарлайды Раvlodarnews.kz

///

Бүгін елімізде тұмауға қарсы вакциналау басталады. Балалар, медицина қызметкерлері мен арнайы диспансерлік тіркеуде тұрғандар тегін егіледі. Ал, қалған азаматтар өз қаражатына екпе алады. Жалпы, биыл денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы 2,5 миллион доза ресейлік вакцинаны сатып алды. Бұл халықтың 13 процентін егуге жетеді.