Қазақ радиосы ең алғашқы хабарды 1921 жылы Орынбордан таратты. Биыл Қазақ радиосына – бір ғасыр. Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан алғашқы радио бюллетень шықты. 1926 жылы радио Қызылордаға, 1931 жылы Алматыға көшірілді.
1931 жылы радио жиілік пайда болды. Мұнда қазақ радиосының ардагері, Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, радиохабар тарату ісінің қайраткері Мина Сейітова 1934 жылдан бастап 44 жыл қызмет етсе, диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаев 1943-1989 жылдары қызмет атқарды. Сондай-ақ Совет уақытында жағымды үнімен әрі қоңыр дауысымен миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулаған Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев, Диас Омаров, Сауық Жақанова және т.б. жұмыс істеді. Бір ғасыр уақыт аралығында мұнда қазақтың небір майталман журналисі қызмет атқарып, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлы тұлғаларымыздың алтын дауысы осы радиоарнада таспаланған.
Жүз жыл. Осы уақыт ішінде Қазақ радиосы тыңдаушының жүрегінен ерекше орын алып, ұлттың сүйіп тыдайтын арнасына айналды. Қазақ радиосы – бүкіл ұлттың қайталанбас мәдени болмысын бейнелейтін ақпарат құралы.
Қазақ радиосы – қазақтың өнерін, әдебиетін насихаттап келе жатқан киелі шаңырақ. Бұл радиоарнада Әміре Қашаубаев, Шәмші Қалдаяқов, Иса Байзақов, Жүсіпбек Елебеков, Әбілахат Еспаев сынды өнер адамдары еңбек етті.
Қазақ радиосының мақтанышы – қазақтың «Левитанына» айналған Әнуарбек Байжанбаев есімі Қазақ радиосымен бірге аталады. Ол 1943 жылы майданда жараланып, отанға оралды. Сол жылы радиоға диктор ретінде шақырту алып, 50 жылға жуық радиода қызмет етті. Бүгінгі таңда Қазақ радиосының "Алтын қорында" 400-ден астам жазба, белгілі диктор жүргізген он мыңға жуық әдеби және музыкалық хабар сақтаулы.
Әр азаматтың санасын сілкіп, бойына ұлтымыздың ұлы қасиеттерін сіңіріп, рухани кемелденуіне мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан, ақпараттық кеңістікте биік межелерді бағындырған ұлттың үнжариясы – Қазақ радиосы екені даусыз. Тұтас дәуір көшін арқалаған радионың, тәуелсіздігіміздің отыз жылы ішінде еліміздің дамуы, егемендігімізді баянды ету мақсатында сіңірген еңбегі ерен.
Қазақстанның жеткен жетістіктері, халқымыздың мәдени мұралары, тілі, ділі, тарихи жәдігерлері турасынан көптеген насихат осы Қазақ радиосы арқылы таратылуда. Сонымен қатар, әлемдік жаңалықтар, халыққа лезде жеткізіледі. Міне, теледидар, газеттен мұның бір қадам алда тұратыны осы болса керек. Дүние дүрмегінде болып жатқан саналуан жаңалықтарды алдымен жеткізетін Қазақ радиосының әлемдік ұлы дүбірге қосылғанына да биыл бір ғасыр толды.
Радио өз дәуіріне үнін қосып, қаншама қилы кезеңнің куәсі болды. 1930-1942 жылдары Қазақ радиосының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, талантты өнерпаздарды алдырып, қазақ даласын ән-жырмен тербеткен алғашқы басшысы Айтбай Хангелдин еді. Ел басына түскен нәубеттер отыздың ойраны, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінің өзінде қайбір жағымды-жағымсыз жаңалықтардың бәрінен халық осы Қазақ радиосы арқылы құлақтанып отырды.
Алматыдағы М. Әуезов театрының артистері Серәлі Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова сынды майталмандардың дауысы да осы Қазақ радиосы арқылы ел жадында сақталды. 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының алғашқы қалыптасу жылдарында құрамында екі жүзге тарта өнерпазы бар өзінің жеке симфониялық, ұлт аспаптар оркестрі болғаны оның құрушылары әлемдік деңгейдегі композиторларымыз Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамидидің есімдері радио тарихында таңбаланып жазылды. Осы оркестрдің құрамында Ермек Серкебаев, Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановтар қызмет етті. Кеңестік кезеңде Қазақ КСР Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы қызметін атқарған ағаларымыздың кез келгенінің еңбегін ерекше айтуға болар еді.