Қорытынды жаңалықтар 08.10.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «СИБУР Холдинг» компаниясының басқарма төрағасы Дмитрий Коновты қабылдады. Мемлекет басшысы көмірсутегін сапалы өңдеу ісі бүгінде Қазақстанның мұнай-газ саласындағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президент полипропилен және полиэтилен өндірісі жөніндегі жобаларға қатысты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуын құптады. Бұл жобаларды «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» компаниялары жүзеге асырып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған келісімді Қазақстан мен Ресейдің серіктестік қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп санайды.

*****

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасының биылғы 9 ай ішіндегі ақша-несие саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары туралы, әлемдік экономиканы қайта қалпына келтірудің қарқыны және оны пандемияға дейінгі деңгейге жеткізу, сондай-ақ дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-несие саясатын күшейтуге көше бастағаны жөнінде есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып жатқан инфляцияға қарсы кешенді шаралары және инфляцияны болдырмау жөніндегі монетарлық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімет берілді. Президентке Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі, сондай-ақ валюта нарығындағы ахуал жөнінде баяндалды.

*****

Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің (ИКЖК) отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту және ҚР-ның төмен көміртекті экономикаға көшуі мәселелері қаралды. Премьер-Министр Үкіметтің энергия өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін бұрын жоспарланғандай 2025 жылға қарай емес, 2023 жылға қарай 6%-ға дейін екі есе арттыруға ниетті екенін атап өтті. Үкімет басшысы Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту саласына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту үшін инвестициялық ортаны жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қабылдағанын жеткізді.

*****

Вакцина алмағандар жұмысқа жіберілмейді. ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетті вакцинацияны жұмысқа жіберу шарты ретінде бекітті. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және олардың асқынуы (пневмония), менингококк инфекциясы, COVID-19 коронавирустық инфекциясы, желшешек және скарлатина кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» толықтырулар енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Құжат 17 қазаннан бастап күшіне енеді. «Бұйрық бойынша коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін күндізгі режимдегі жұмысқа тек COVID-19-ға қарсы вакцина алған қызметкерлер жіберілетіні айтылған. Ал вакцина алмағандар ПТР тестілеудің теріс қорытындысы немесе тұрақты медициналық қарсы көрсетілім туралы, коронавиурспен ауырып жазылғанына 3 ай толмағаны туралы медициналық анықтама болған жағдайда ғана жұмысқа жіберілмек.

*****

СҚО-да коронавируспен ауырғандар санының артуына байланысты 9 қазаннан бастап шектеу шаралары күшейтілмек. Өңірде коронавирустан қайтыс болғандардың саны 227 адамға жетті, тек соңғы бір аптада 21 адам көз жұмды. СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада өңірде коронавирус жұқтырған 118 адам тіркелді. 4 қазаннан бастап ауырғандар саны көбейіп келеді. Жалпы соңғы бір аптада облыста 642 сырқат анықталды. Мамандардың айтуынша, өңірде коронавируспен ауырғандарға арналған 1200 орын бар. Қазір ол 56,6 %-ға толған. Инфекциялық стационарда 661 сырқат бар, емдеу мекемесі 60 %-ға жүктелген. Ауырып жатқандардың 47-с нашар жатыр.

*****

Қостанай облысында 147 сынып карантинге жабылған. Бұл туралы Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінде айтылды. «Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 8 қазанға дейін білім мекемелерінде коронавирус инфекциясына 572 оқушы, офлайн режимінде білім алып жүрген 350 оқушы, ЖОО мен колледжде оқып жүрген 98 студент шалдықты», - деп хабарлады департаменттен. 135 мектепте КВИ шалдығу оқиғалары тіркелді, ауру жұқтыру көрсеткіші 27,4%. 297 сынып карантинге жабылды. Қазіргі кезде 147 сынып карантинде. КВИ жұқтырған оқушылардың көп бөлігі Қостанайда анықталған, сондай-ақ Рудный, Лисаков, Жітіқара, Б.Майлин атындағы аудан, Әулиекөл, Алтынсарин, Денисов, Меңдіқара, Қарабалық аудандарында да тіркелуде.

*****

Бүгін Атырау облысы «жасыл» аймаққа өтті. Бұған - өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырушылар санының азайғаны себеп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өткен тәулікте –қауіпті вирустың белгісі 35 адамнан анықталған. «Қазір үй жағдайында ем-дом алу үшін 475 адам оқшауланды. Ал, инфекциялық стационарларда 234 науқас емделіп жатыр», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі. Ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес «Қызыл» аймақта: Нұр-Сұлтан мен Алматы, Павлодар, Ақмола Солтүстік Қазақстан облыстары. «Сары» аймақта: Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары. «Жасыл» аймақта: Түркістан, Жамбыл Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстары орналасқан.

*****

Елде өткен айда тұрғын үй бағасы қымбаттады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлады. Қыркүйек айында оның алдыңғы тамыз айымен салыстырғанда: абаттандырылған тұрғын үйлерді алып-сату – 1%; жаңа тұрғын үйлерді сату – 0,7%; абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы 2,5% қымбаттады. Статистикалық ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдың желтоқсаны – 2021 жылдың қыркүйегі аралығында жаңа баспана бағасы – 11,7%, абаттандырылған үйлер – 18%, пәтерді жалға алу 14% көтерілді.

*****

Алдағы демалыс күндері күн жылынады. «Ресейдің еуропалық бөлігін басқан қатты антициклон жауын-шашынсыз ауа райын қалыптастырып, еліміздің батысы мен солтүстік-батысына жылы ауаның ығысып келуіне себеп болды. Бұл аймақтарда сынап бағаны күндіз +15 +20 градусқа дейін көтеріледі. Еліміздің қалған аумақтарында қар аралас жаңбыр жауады, оңтүстік облыстарда бұршақ жауу ықтимал, жел екпіні күшейеді. Республикамыздың солтүстігінде, шығысында, орталығында және оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі», деп хабарлайды «Қазгидромет».