Дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты. «Қазір нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл - тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және мұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па?» – деді Мемлекет басшысы.
*****
Елде өткен тәулікте 1 699 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Ең көп адам Алматы қаласында тіркелген - 230, Павлодар облысында - 223, Қарағанды өңірінде - 152 адам індет жұқтырды. Сонымен қатар өткен тәулікте 2 284 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. 26 қазан күні коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмонияның 148 жағдайы тіркелді. 2 адам сырқаттан көз жұмды.
*****
Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар статистикасына сәйкес 27 қазандағы мәлімет бойынша елде коронавирус екпесінің I компонентін 8 млн 212 мың 313 адам салдырған. Ал II компонентін ектірген адам саны - 7 млн 393 мың 113.
*****
Бүгін шыққан ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес «Қызыл» аймақта Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан. «Сары» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары тұр. «Жасыл» аймақта - Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары тұр.
*****
Алматыда «Шаңырақ» жобасы бойынша 55 отбасыға пәтер кілттері табысталды. «Нұрлы жер» бағдарламасының «Шаңырақ» жобасына қатысушыларды несиелендіру» бағыты бойынша «Отбасы банкі» АҚ Alma City 5 тұрғын үй кешеніндегі 440 пәтерге резерв жасаған. Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. «Бүгінгі таңда «Отбасы банкі» АҚ-на төлем қабілеттілігін растаған 389 азаматтың тізімі берілді. Біз тұрғын үйді сатып алу-сату шарттарын тіркеу жұмыстарын жүргіздік. Бағдарламаға әкімдікте кезекте тұрғандардың барлығы қатыса алады»,- деді ол. Тұрғын үй несиесі 18 миллион теңгеге дейін жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна - 10 пайыз.
*****
Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі сатысында «Қайрат» алғашқы ойындарын өткізді. Қазақстандық клуб Чехияның «Пльзень» командасымен шеберлік байқасты. Кездесу 3:3 есебімен тең аяқталды. Айта кетейік, «Қайрат» төртінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Чехияның «Пльзень», Ресейдің «Тюмень» және Италияның «Пезаро» командалары.