2017 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихы үшін елеулі кезеңдердің бірі болды. Өйткені дәл осы жылы жас мемлекеттің мәртебесі әлемдік аренада одан әрі асқақтай түсті. Бір ғана ЭКСПО көрмесінің өзі Қазақ елінің салт-дәстүрі мен төл мәдениетін, ешкімді жатсынбайтын ерекше қонақжайлығын жаһан жұртына дәріптеді. Сол тұста егемен елдің бойтұмарына айналған Елорданың да еңсесі еселей түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жалдыранда жоқтан бар жасаған шаһар аз уақыттың ішінде халықтың арманын шындыққа айналдырды.
2017 жылы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы ретінде 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткен XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада ойындарын айтуға болады. Алматыда өткен бұл дүбірлі доданың тұмары ретінде сұңқар құсы таңдалды. Тұмарды ұсынушылардың пікірінше, сұңқар жылдамдықты, жеңілдікті, күш-қуат пен жеңіске деген құлшынысты бейнелейді. Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтті. Олардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей және керлинг ойындары бар. Жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен бес мыңнан астам студент қатысты. Қазақстан 11 алтын, 8 күміс, 17 қола жүлде иеленіп жалпы командалық есепте 2-ші орын алған болатын.
2017 жыл ел экономикасы үшін де табысты кезеңдердің бірі болды. Себебі бір ғана ЭКСПО көрмесінің өзі ұлттық экономикаға толағай табыс әкелді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек көрме нәтижесінде экономика саласы бойынша ұсы¬нылған жобалар арасында 133 технология қолданысқа енгізілген. Одан бөлек сол жылдары елдің машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында да едәуір өсу байқалған.
2017 жылдың сәуір айында жарияланған Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жылдың басты жаңалығына айналды. Мақалада Елбасы бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сынды тұтас қоғамның, әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын бөліп көрсетті. Сондай-ақ осы мақала негізінде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ҚР Үкіметі жанынан Ұлттық комиссия құрылды. Ал сол жылдың қазан айында Елбасы қазақ тілін латын қаріпіне көшіру туралы жарлыққа қол қойды.
Ия, Елбасы қол қойған жарлыққа сәйкес, қазақ тілі әліпбиі 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуі тиіс. Ұлттық комиссия қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасайды. Бірінші кезең: 2018-2020 жылдарды, екінші кезең: 2021-2023 жылдарды, үшінші кезең: 2024-2025 жылдар аралығын қамтиды. Еліміздің іргесі берік, тәуелсіздігі баянды болғай! Толығырақ хабардың аудио нұсқасында...