Бүгінгі эфирде де сағыныш хаттары оқылып, үмітін үкілеген жандардың өтініші тыңдалды.
Алматы қаласының тұрғыны Мөлдір Алтыбаева Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабарына 2021 жылғы 19 қазанда қоңырау шалып, 1996 жылы өмірден өткен ағасының ұрпағы – Мақсат деген бауырына және Гүлмира жеңгесіне іздеу салған еді. Бүгін Мөлдір Алтыбаева 32 жылдан кейін ағасының ұлын тауып, қуанышымен бөлісіп, «Бармысың, бауырым?» хабарына алғыс айтты. Іздеушінің қуанышына ортақпыз. Осылайша, бір әулеттің өшкені жанып, кеткені оралды. Сүйіншіміз көп болсын!
Хат қоржыны:
1. Қайырлы күн, мен, Қырмызы Алашабаева, Маңғыстау облысынан хат жолдап отырмын. Күйеуім – Ильяс Қойбағарұлы Сүйекеновке іздеу саламын. Ол 1963 жылы 10 қарашада туған. Туып-өскен жері осы Маңғыстау облысы Шевченко қаласы. Ильяс түркиялық бір фирмада жүргізуші болып жұмыс істеді. 2007 жылы 21 маусымда, түскі бірлер шамасында, жұмысқа барамын деп, жол сөмкесін алып кеткен еді. Сол күні бір параходта 24 адам болып, теңізге шыққан. Бір сөткеден кейін «Ильяс жоқ» деген хабар келді. Ильяс бір жерде құлдықта жүргендей... құжатсыз қашып кете алмай отырғандай сезінеді маған. Төрт баламның әкесі. Бала-шағасы күтіп, сағынып жүр...
2. Менің есімім Гүлсара Қуданова, Ақтөбе қаласының турғынымын. Сіңлім Ақмарал Қуантайқызы Ешниязованы іздеп жүрмін. Ақмарал 1971 жылы 28 наурызда туған. 2008 жылы үйден шығып кеткеннен оралмады. Содан бері іздеп жүрміз. Бармаған жеріміз, сұрамаған адамымыз қалмады. 2020 жылы жазда Ақмаралды Мартук ауданы Хлебодарка ауылында көргендер болды. Бейтаныс адамдардың қолында құлдықта жүргенін және өзін алып кетуін өтініпті. Бірақ біз өзіміз іздеп таба алмадық...
Эфир студиясына 75-72-75 нөмірі арқылы хабарласа аласыздар, Нұр-Сұлтан қаласының коды: 8-717-2. Қосымша ақпарат алу үшін 8-777-983-78-96 нөміріне хат жолдаңыздар.
ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАНЫҢЫЗДАН ТАБЫЛСЫН!