Алматыда ShortAnimaDoc апталығы басталды

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет қысқаметражды, анимациялық және деректі фильмдер көпшілік назарына ұсынылды.

Алматыдағы "Арман" кинотеатры төрт күн бойы кино саласының тек кәсіби мамандарына ғана емес, қарапайым жұртшылыққа мемлекет қаржысына түсірілген фильмдерді көрсетті.

"Мұндай алаңдар жас режиссерлер үшін аса қажет. Бұл көрсетілім - көрермен мен автор арасындағы диалог", - деді режиссер Мәди Қайыржан.

"FILMFAN" бағдарламасының тікелей эфирінде ҰКҚМО Бас продюсері Адай Құнанбайұлы Әбілдинов алдағы уақытта киноорталық жас киногерлердің өнерін қолдау мақсатында осы сынды шараларды жиі ұйымдастыратындығын айтты.

Бағдарламаға қатысқан Самғар Рақымның "Көше ақыны" қысқаметражды фильмі биылғы "BAIQONYR" фестивалінде "Үздік монтаж" жүлдесін ұтып алған болатын. Автор ҰКҚМО ұйымдастырған питчингте жобасын қорғап, қаржыландыруға ие болған. Алдағы уақытта сараптама мүшелері тарапынан қолдау тапқан жобалар ведомствоаралық комиссия отырысында да қолдау тапса дейді.

Ал қаншама жыл "Айтуға оңай" жобасында қызмет еткен Бегалы Шибикеевтің осы жобада істегелі қоғамның әлеуметтік шындығын, проблемаларын қозғауға ниеті ауған.

"Әлеуметтік тақырыпты экранизациялау арқылы көп проблемаға тұсау болуға болады" дейді автор.

7-10 қаңтар аралығында ShortAnimaDoc көрсетілімі Нұр-Сұлтан қаласында көрсетіледі.