Тәулік тынысы 14.12.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының 20 жылдығына құттықтау лебізін жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Президент құттықтауын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев оқып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы екі мыңнан астам жоғары білікті маманды даярлап, отандық экономиканың, білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосқанын, филиал қызметі Қазақстан мен Ресейдің гуманитарлық ынтымақтастығының жарқын үлгісі болып саналатынын айтқан. Мемлекет басшысы М. В. Ломоносов атындағы университет Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалына жаңа ғимарат беруді ұйғарғанын айтқан. Осы арқылы Қазақстанға қажет білікті кадрлар даярлауда басым мамандықтар тізімі кеңейтіледі деп үміттенемін, дейді Қазақстан Президенті. Айта кетейік, Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы енді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимаратына көшіп келеді.

*****

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың іске асырылуы қаралды. Агроөнеркәсіп жобаларын жүзеге асыруда 5 облыс нәтиже көрсеткен. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, биыл салада 263 млрд теңге сомасына 285 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 285 жобаның 268-і пайдалануға берілді,-деген министр жұмысты жоғары қарқынмен жүргізген өңірлерді атады. 

*****

Елімізде зейнетақы жинақтарын пайдалану мерзімі өзгерді. Бұл туралы «Отбасы банкі» хабарлайды. Енді біржолғы зейнетақы қаражатын пайдалануға 20 жұмыс күні беріледі. 20 жұмыс күнін есептеу онлайн-платформада өтінім жіберген күннен емес, қаражаттың арнайы шотқа түскен сәтінен бастап есептеледі. Арнайы шот ашу үшін банкке келудің қажеті жоқ. Оны «Otbasy bank» мобильді қосымшасы немесе банк сайтындағы бейне қоңырау арқылы жасауға болады.

*****

Алматыдағы ірі жолайрықтардың бірі ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, мегаполис басшысы Бақытжан Сағынтаев Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрықты ашты. "Рысқұлов арқылы өтетін эстакаданың ұзындығы 186 метр. Жол бойында орналасқан ғимарат иелерімен сот өтуіне байланысты құрылыстың аяқталу мерзімі созылып кеткен. 

*****

Ертең Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ел астанасында отшашу болады. Мерекелік салют 3 жерде бір уақытта ұйымдастырылады. Демеушілердің қаражаты есебінен болатын отшашуды кешкі сағат 21.00-де Ботаникалық бақтан, Атырау көпірінен солтүстікке қарай Есіл өзенінің сол жағалауынан және Ақбұлақ өзенінің солтүстік жағынан тамашалауға болады. Айта кетейік, осы аптада елорданың мәдениет мекемелері 40-тан астам түрлі іс-шара өткізеді. Өнер ұжымдарынан бөлек елорда кітапханалары көрмелер мен тарих сағаттарын, онлайн-суреттер байқауын, ақындар мүшайрасын ұйымдастырады. 

*****

Алматыда 16 желтоқсан күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік отшашу болады. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мерекелік отшашу «Астана» алаңында сағат 21.00-де басталады. Қала әкімдігі мерейтой күніне орай Алматыда 110-нан астам түрлі іс-шара өтетіні туралы хабарлады. 15 желтоқсанда 1-ші Оқушылар үйінде «Жаса, қазақ елі» концерті өтеді, сол күні Н. Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Тәуелсіздік игілігі үшін еңбек» атты іс-шара ұйымдастырылады, сонымен қатар, Сайран көлінің жағасында жастардың қатысуымен эко-акция өтеді. 

*****

Елордадан Арқалыққа қатынайтын жолаушылар пойызына Тальго вагондары берілді. Маршруттың қашықтығы – 609 шақырым. Оны 12 сағатта жүріп өтеді. Екі құрамнан жасақталған пойыз күн сайын жүреді. Екінші пойыз Алматыдан Маңғыстау бағытында іске қосылды. Пойыздың жалпы жүру уақыты 41 сағаттан асады. Екі құрамнан тұратын бұл пойыз жұп күндері жолға шығады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компания мерекелік демалыстарда қала арасында қатынайтын пойыздар санын арттырды. 

*****

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысындағы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музейі пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін ескі және шағын ғана ғимаратта орналасқан музей ұжымы, енді жаңа, зәулім нысанда халыққа қызмет көрсетеді. Музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттары мен балбал тастар қойылған. Жергілікті күйші, ақын-жазушылар, спортшылар тұтынған құнды дүниелер бар. Төлеген Момбековтің, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, сондай-ақ ел Тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар сақталған. 

*****

Атырауда 13 жастағы қыз баланы 4 бұралқы ит талап тастады. Оқиға қала іргесіндегі Дамбы ауылдық округінде болды. Денесінің сау тамтығы қалмаған жасөспірім облыстық балалар ауруханасына ауыр халде жеткізілген. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы уақытта қалада бұралқы ит көбейіп кеткен. Салдарынан қайғылы оқиға да жиі болады. Осы жылдың 11 айында 300-ден астам бала итке таланып, облыстық балалар ауруханасына түскен. Ал соңғы айдың өзінде 45 тұрғынды ит қапқан.