Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын қарады.
Заң жобасына сәйкес Омбудсмен қол сұғылмаушылық кепілдігін алады, сондай-ақ, оның қызметіне араласуға тыйым салынады. Уәкіл айрықша қоғамдық маңызы бар жағдайларда тікелей ел Президентіне, Парламент Палаталарына және Үкіметке өтініш жасай алады.
Құжатты талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізді. Сенат қабылдаған түзетулер Омбудсмен қызметі кепілдіктерінің жекелеген мәселелерін және шоғырландырылған баяндаманы қабылдау тәртібін нақтылауды көздейді. Осылайша, сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, оны түзетулермен Мәжіліске қайтарды.
Сонымен қатар, бүгін сенаторлар аталған құжатқа қатысты тағы үш заң жобасын қарап, қабылдады. Олар: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжаттар.
«Бүгін қаралған заң жобалары Президентіміздің тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Олар елімізде адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа құқықтық ортасын қалыптастырады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметінің негіздерін бекіту арқылы ұлттық құқық қорғау институтын жаңғырта аламыз. Ұсынылып отырған жаңашылдықтардың тағы бірі Омбудсменнің өңірлердегі өкілдерінің мекемесін құру екенін атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде аталған заң жобаларына бастамашыл болған депутаттарға алғыс білдірді.
Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар «Өнеркәсіптік саясат туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, қабылдады.
Заң жобаларына сәйкес өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары басым тауарлар тізбесіне енгізілген өнімді өндіруге ғана бағдарланған өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне ұсынылады. Басым тауарлар тізбесіне өндірісі ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын орта және жоғары деңгейдегі тауарлар ғана қосылады.
«Осы заңдар арқылы өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру мен іске асырудың нақты тетіктері белгіленді. Өнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары анықталды. Бүгін қабылданған заңдар өнеркәсіптік-инновациялық кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етеді және еліміздегі өнеркәсіпті дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.
Одан бөлек, отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды.
Аталған заң туралы пікір білдірген Сенат Төрағасы оның құқық қорғау және сот жүйелерін одан әрі реформалауға, сондай-ақ, қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті.
«Үш буынды модельдің енгізілуіне байланысты құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер болып жатыр. Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейтіледі, прокурорлық қадағалаудың жедел қимылы арта түседі. Заңның қабылдануы қылмыстық іс жүргізу заңнамасын тиімді қолдануды көздейтін құқықтық тетіктерді оңтайландыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын құқықтық олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаттың Баспасөз қызметі