Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын беру туралы» Жарлыққа қол қойды.
*****
28- желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысу үшін Санкт-Петербургке жұмыс сапарымен барады. Жиын барысында Достастық аясында атқарылған бірлескен жұмыстардың қорытындылары, көпжақты ықпалдастықты дамытудың келешегі және Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланбақ. Сонымен қатар халықаралық және аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері қарастырылады.*****
Қазақстанда өткен тәулікте 477 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 984 мыңнан асты. Вакциналау науқанына келсек, екпенің І компонентін 8 млн 923 мың адам алды. 8 млн 415 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. ал, індеттің таралуы бойынша Елорда қайтадан сары аймаққа көшті. Бас қаладан басқа сары аймақта Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. «Қызыл» аймақта ешбір облыс жоқ. Ал, қалған өңірлер қауіпсіз аймақта.*****
Елордада «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана» тұрғын үй бағдарламасының нәтижесі жарияланды. Жастарға екі көппәтерлі тұрғын үйде орналасқан 800 пәтер бөлінеді. Биыл аталған бағдарламаға қатысуға 4800-ден астам адамнан өтінім түскен, оның 800-і жақын арада пәтер кілтін алады. Олардың тізімі zhilfond.kz сайтында жарияланған.*****
Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы пайдалануға берілді. Нысанды қайта жаңғырту үшін 5 жыл уақыт кетті, 5,6 млрд теңге қаражат жұмсалды. Бөгет барлық талапқа сай етіп салынған. Автоматтандырылған жүйе су көлемін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Қазір қоймада 20 млн текше метр су жиналған. Ал жалпы сыйымдылығы 42 млн текше метр. Мұндай су көлемімен 5 мың гектардан астам алқапты суаруға болады.*****
Ауыл шаруашылығы министрлігінде Құрмет Талапқазыны марапаттау рәсімі өтті. Құрғақшылыққа тап болған еліміздің өңіріне елден көмек жинап, қолмен шөп шауып тасыған Құрметке министр Ербол Қарашөкеев «Құрмет» грамотасын табыстады. Еске салсақ, Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны еліміздің батысындағы қуаңшылыққа тап болған малды ауылдарға жем-шөп жіберу үшін бүкіл жұмысын тастап, қоғамдық бастамаға мұрындық болған еді. Жақында Құрмет Талапқазыға Шымкенттегі университетте тегін оқу мүмкіндігі берілді.*****
Алматы қаласында каратеден ересектер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында жеңімпаз атанды. Қазақстандық каратешілер финалда Иран құрамасымен сынға түсті. Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев үш ирандық қарсыласын ұтып, командасына жеңіс әперді. Бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында қола жүлдеге ие болған еді. Қазақстан намысын Софья Берульцева, Сабина Захарова және Мөлдір Жаңбырбай қорғады. Оған қоса Токио Олимпиадасының жүлдегері С.Берульцева жекелей сында күміс медальға қол жеткізді. ал, Мөлдір Жаңбырбай мен Андрей Актауов Азия чемпиондары атанды.