2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша қосымша шаралар шеңберінде жекелеген объектілердің қызметіне енгізілетін жаңа шектеулер күшіне енеді. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәліметінше , еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен жұмыс және демалыс күндерінде сауда және ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне, караокеге кіруге қызметкерлер мен келушілерде қауіпсіз «жасыл» мәртебе болған жағдайда рұқсат етіледі. Қабылданған шаралар коронавирустың омикрон түрінің таралу және жұғу жылдамдығына негізделген, ол қазірдің өзінде әлемнің 110 елінен табылды. Осыған байланысты қабылданып отырған шаралар эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға, аурулар санының өсу қаупін азайтуға, неғұрлым қатаң шектеу шараларын енгізбеу үшін бағытталған.
Қазіргі уақытта республикада хош иісті көмірсутектер өндірісі, полипропилен және бензинге арналған октанды көтеретін қоспалар шығаратын зауыт, сондай-ақ майлау майларын шығаратын зауыттар жұмыс істейді. Отын энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасының жоспарларына сәйкес 2030 жылға қарай мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 18 есе артып, 3,4 млн тоннаға дейін жетеді. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында қуаты 57 мың тонна метил-трет-бутил эфирі зауыты іске қосылды. 2022 жылы Атырау облысында қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған.
Алматы қаласында бір тәулікте 3 138 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады. « 30 желтоқсан күні 3 138 алматылық вакцина салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 30 желтоқсан аралығында қалада 1 млн 049 мың 774 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін,1 млн 011 мың 684 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 123мың 372 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан. Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 30 224 адам салдырды. Ревакцинациядан 6 559 алматылық өтті. Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 егу бригадасы бар.
Шымкент қаласында 221 бала ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық сыйлығы мен құттықтау хатын алды. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов екі баланың отбасына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан келген жаңажылдық құттықтау хат пен сыйлықтарды табыстады. «Бұл мейрам өзіңе естен кетпес ерекше қуаныш әкелсін! Сенің болашағың жарқын, өйткені Тәуелсіз Қазақстанның перзентісің. Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! Сабағыңды жақсы оқып, әрдайым көздеген мақсатыңа жет!», - делінген құттықтау хатта. Айта кетейік, Президент сыйлығына ие болған балаларды әрбір мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңес анықтаған.
Ақтөбеде полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Жеке құраммен бірге Ұлттық ұланның сарбаздары бір апта бойы үздіксіз жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында 31-желтоқсан және келер жылдың 1-5 қаңтар күндері аралығында Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет түріне ауыстырылады. Көшелерде полиция жасақтарының, соның ішінде жаяу жүретін жасақтардың саны көбейді. Сондай-ақ мерекелік іс-шаралар өтетін, адам көп жиналатын орындарды түгел қамту үшін жоспар жасалған. Ішкі істер органдары қызметкерлерінен басқа қоғамдық тәртіпті сақтауға Ұлттық ұланның сарбаздары мен қызметкерлері жұмылдырылды.