Алматыда өрттен кейін қала әкімдігінің ғимаратын тазарту жұмыстары басталды



Төтенше жағдай режимі кезінде қылмыс жасады деген күдікпен 1978 адам қамалды. Бұған қоса 791 адамға айыппұл салынып, 4 мың 918-і әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Хабар 24. Екі мыңнан астам азаматқа ескерту жасалды. Бұл туралы елдің бас прокуратурасының ресми сайтында жарияланды. Мәліметке қарағанда құқық бұзушылық туралы 7 мыңдай хаттама толтырылған. 2 мың 48 материал соттың қарауында жатыр. Қазір жедел-тергеу тобы терроризмге қатысты 44, жаппай тәртіпсіздік бойынша 34 және адам өлтіру фактілері бойынша 15 қылмыстық істі тексеріп жатыр. Қылмыс жасады деген күдікпен 524 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ 412 адамды қамау туралы сот санкциясы шыққан. Айта кетейік, қақтығыс кезінде қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың нақты саны әзірге белгісіз.

*****

Алматыда өрттен кейін қала әкімдігінің ғимаратын тазарту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Хабар 24. Ішіндегі электронды техника, жиһаз қалдықтары қоқыс полигонына шығарылады. Ол шамамен 3-4 күнге созылады дейді мамандар. Әкімдік ғимаратының сүрілмейтіні белгілі болды. Бірақ толықтай қайта жөндеуден өтеді. Әкімдік ғимаратын қайта қалпына келтіру үшін қанша қаржы және уақыт кететіні арнайы комиссияның сараптамасынан кейін белгілі болады.  

*****

Маңғыстау облысында  коронавирус  жұқтырғандар көбейді. Осыған байланысты өңір «қызыл» аймаққа енді.  Жалпы қаңтар айы басталғалы бері 470 адам короновирус жұқтырған. Тағы 179 дерек соңғы тәулікте тіркеліп отыр. Қазір өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасында 73 науқас ем қабылдауда. Арасында жүкті әйелдер бар. Жауапты мамандар таяу күндері карантиндік шектеулердің күшейтілетінін айтады. Аймақтың бас санитар дәрігерінің қаулысы әзірленіп жатыр. Бір аптаның ішінде станционарға жатқызылған аурулардың саны 2,5 есеге дейін артқанын көріп отырмыз. Оның ішінде бесеуі аяғы ауыр әйел. Аса қатаң жағдайда 4 науқас жатыр. Жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда 6 науқас жатыр, - дейді  дәрігер-эпидемиолог  Марал Қадыр . Маманның сөзінше, аурудың күрт өршуі жаңа штамдардың инкубациялық кезеңінің өте қысқалығына байланысты болуы мүмкін.

*****

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Соңғы бір тәулікте дүние жүзінде 3 жарым миллионға жуық адамның ауырғаны анықталды. Бұл пандемия басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Сарапшылар індеттің өршуін омикронмен байланыстырып отыр. Дертке шалдыққандар саны әсіресе, АҚШ-та күн сайын артып барады. Елдің Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының хабарлауынша, соңғы аптада ковид диагнозымен ауруханаға түскендер саны 33, ал өлім-жітім 40 процентке өскен. Қазір Құрама штаттарда жалпы науқастардың 90 процентінен омикрон анықталып отыр. Індеттің өршуіне байланысты елде вакциналау орталықтары көбейтіліп жатыр.

*****

Жаңа штаммға байланысты Италияның Неаполь қаласының билігі 17 бастауыш мектепті вакциналау орталығына айналдырып, 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға вакцина егіп жатыр. Себебі бұл елде де омикрон тез таралып, дертке шалдыққан балалар саны артқан. Бірақ мамандар кішкентайлардың ауруы көбіне жеңіл түрде екенін айтады.