Атырау қаласының әкімі қызметінен босатылды

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев емделу үшін 30 желтоқсанда еңбек демалысын алған болатын. Қала әкімі 10 қаңтарда жұмысқа кері шақыртылып алынды. Алайда, ол келесі күні денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парақшасын аштырды. Облыс әкімінің өкімімен Қайрат Оразбаев 14 қаңтар күні өзінің өтініші негізінде Атырау қаласы әкімі қызметінен босатылды. Қазір Атырау қаласы әкімінің міндетін атқару қала әкімінің орынбасары Жұмабек Қаражановқа жүктелді», -деп жазылған хабарламада.