Еліміздегі ең үздік мектептер желісінің бірегейі - "Білім-Инновация" лицей-интернаттары. Оқу ордаларында тегін оқуға үмітті жастар 22 сәуірге дейін құжат тапсыра алады.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне қарасты дарынды ер балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернатының директоры Пириев Эльбрус Камалұлы "Білім айнасы" бағдарламасында қонақта болып, сұрақтарға жауап берді. Эльбрус мырзаның айтуынша, "мектептің аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ, сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу - мектептің басты мақсаты".
Республика бойынша 40 шақты БИЛ бар, олардың 33-і - мемлекеттік, қалғаны - жекеменшік. 6 сынып бітірген оқушылар Республика аумағындағы өзі қалаған "Білім-Инновация" лицейіне тіркеліп, емтиханға офлайн келіп қатысады. Тіркелу пандемияға орай толықтай онлайн жүйеде. Директор ата-ана жағдайын жеңілдету әрі пандемия кезінде ауру таратпау мақсатында ұйымдастырылған онлайн құжат тапсыру www.bilemtihan.kz сайты арқылы жүзеге асады. Және тест математика, логика, қазақ тілі, қазақстан тарихы пәндері бойынша барлық лицейде бір уақытта өтіп, 15 күннен кейін нәтижесі белгілі болады. 1 кезеңнен өткендер екінші кезеңге жолдама алады", - деді Эльбрус Камалұлы.
Емтиханның бірінші кезеңінде үміткер 60 тесттік сұрақдан тұратын емтихан тапсырады:
- математика және логика – 40 сұрақ;
- қазақ тілі – 10 сұрақ; Қазақстан тарихы – 10 сұрақ.
- Келесі кезеңнің емтихан тапсырмалары 75 тесттік сұрақтан тұрады: математика және логика сұрақтары – 55 сұрақ,
- қазақ тілі – 10 сұрақ,
- Қазақстан тарихы – 10 сұрақ. Емтихан ұзақтығы – 100 минут.
Мектеп басшысының сөзінше, былтыр 1312 үміткер ішінен 23 баладан үш сыныпқа 69 оқушы іріктелген. Биыл да сұранысқа байланысты болады. Облыстық, республикалық, халықаралық білім олимпиадалары жеңімпаздарын шығарып жүрген лицей жаратылыстану бағыты бойынша мамандандырылған. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілі қатар оқытылады.
"Астанадағы жүз мектептің ең үздіктері ниет білдірсе де, тек жүзден жүйрігі ғана тегін оқуға мүмкіндік алады. Біз арнайы статистика жүргізген жоқпыз. Бірақ оқуға түскен балалармен сөйлесе келе, олардың арнайы орталық дайындығының келгенін білдік. Соңғы жылдары БИЛ, НЗМ, физмат мектептерге дайындайтын арнайы орталықтарда дайындалған оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Сондықтан әбден дайындалып келген жөн" , - дейді директор.
Бағдарламаның толық аудионұсқасын мына жерден тыңдай аласыз.