Қазір Парламентте заңсыз байығаны үшін жауапкершілік енгізу және сыбайлас жемқорлықты әшкерелеушілерді қорғау жүйесін қалыптастыру мәселелеріне қатысты заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл норма мемлекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстарын бақылауға мүмкіндік береді. Бүгін Президенттің қабылдауында болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы осылай деді. Марат Ахметжанов Президентке Агенттіктің 2021 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен тексеріліп жатқан қылмыстық істер туралы да баяндады. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жоспарын таныстырды.
*****
Утилизациялық алымның жаңа ставкасы ақпанның соңына дейін белгілі болады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бүгін Үкімет отырысында осылай мәлімдеді.
*****
Тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау 5 сәуірден басталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында осылай деді.
*****
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан екі шетел азаматы анықталды. Олар қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні қала әкімдігін басып алғандардың қатарында болған. Ғимаратты қорғап тұрған арнайы күзет қызметінің адамдарын аяусыз соққыға жыққан. Өз ойларын жүзеге асыру үшін полиция қызметкерлерінен тартып алған дубинкалар мен қалқандарды пайдаланған. Екі шетел азаматы 1 ақпанда сот шешімімен қамауға алынды. Бас прокуратура видео материалдарды тексеру барысында олардың кім екенін анықтаған. Сондай-ақ, 6 қаңтар күні «Көктөбе» телемұнарасын басып алмақ болған топтың ұйымдастырушысы ұсталды. Ол Алматы маңында тұратын, бұрын сотталған, 1983 жылғы азамат болып шықты. Оның жақтастары қылмысқа қатысқысы келмеген бейбіт тұрғындарды қарумен атып жаралаған.
*****
«Алашқа құштарлық: неміс ғалымы Макс Кучинскиден Дінмұхаммед Қонаевқа дейін». Ертең Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кітапханасында осындай атаумен шара болады. Жиында «Алаш» институты бірқатар кітаптың тұсаукесерін өткізеді. Шара сағат 11-де басталады.
*****
Күн райының өзгеруіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында республикалық жолдардың 24 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 42 бөлігі жабылды. Құтқарушылар кешелі бері дамылсыз. Арнайы жедел штаб та құрылған. Қар құрсауында қалған 250-ден астам адам жылы жерге жеткізілген. Ауа райының қолайсыздығына байланысты елорда мен Қарағанды, Ақмола және шығысқазақстандық бастауыш сынып оқушыларына бүгін сабақ болмады. Қатты желдің салдарынан 10 ұшақ елордадан ұшып шыға алмады. Қалаға ұшып келетін 7 рейс кейінге қалдырылды. Мамандар алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысқан жөн дейді. «Дәрмен» мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. «Қазгидромет»-тің болжауынша, ақ бұрқақтың соңы сақылдаған сары аязға ұласады. Солтүстік, шығыс аймақтарда ауа температурасы -30 градусқа дейін жетеді деп болжап отыр.
*****
Қытай астанасы Бейжің қаласында өтіп жатқан Ақ Олимпиада ойындарында бүгін Фристайл-акробатикасынан ерлер арасындағы іріктеу сындары аяқталды. Аталған додада ел намысын қорғаған 18 жастағы отандасымыз Шерзод Хаширбаев екінші ірікеу сайысында жарыстың финалдық кезеңіне өте алмады. Ол екінші мүмкіндігінде трамплиннен секіріп, қайта жерге түсу сәтінде тепе-теңдігін сақтай алмай құлап қалды. Нәтижесінде төрешілер 69,23 ғана ұпай берді. Фристайлдің акробатика түрінен финал ертең, 16 ақпанда қазақстандықтардың қатысуынсыз өтеді. Сондай-ақ бүгін Олимпиада ойындарына шаңғы қоссайысы спорты бойынша қатысқан Шыңғыс Ракпаров жарысты аяқтады. Тұғырдан секіру кезеңінде 38-орыннан көрінген спортшы шаңғы жарысында мәреге 43-ші болып келді. Осылайша Ракпаров үшін Олимпиада ойындары аяқталды. Әзірге біздің елдің қоржыны бос. Медаль саны бойынша үздік үштік қатарында қазір Норвегия, Германия, АҚШ тұр.