Бүгін – Әнуарбек Байжанбаевтың туған күні

Дауылпаз диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев  1923 жылы 26 наурызда дүниеге келген.  

Бүкіл өмірі кейінгіге үлгі болар асыл тұлға Әнуарбек Байжанбаев еңбек жолын 1931 жылы Алматыда, мектепте оқып жүрген шағында бастаған. Қалаға көшіп келген ата-анасына қолғабыс ету мақсатында «Социалистік Қазақстан» газетінің баспаханасында хат тасушы болып жұмыс істеген. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді классик жазушыларға хаттар, қолжазбалар, кітаптар жеткізіп отырған.

1940 жылы Қазақ коммунистiк журналистика институтына оқуға түседі. Соғыс басталғанда алғашқылардың бiрi болып соғысқа аттанған ол 1943 жылы майданда аяғынан ауыр жараланып, елге оралады.

Сол жылы кезінде баспаханада бірге жұмыс істеген, кейін Республикалық Радио тарату комитетінің басшысы болған Омарғазы Оспанов оны радиоға дикторлыққа шақырады. Ә.Байжанбаев өмiрiнiң соңына дейiн, 50 жылдай радиода қызмет атқарған.

Қазақ радиосының «Алтын қорында» бүгінде әйгілі диктордың оқуында 400-ден астам жазба, он мыңдай әдеби, му­зыкалық хабарлар сақтаулы. Оның Жеңісті хабарлағандағы мәліметі – баға жетпес асыл мұра. 

Әйгілі диктор жайлы дайындалған "Арнайы хабарды" аудионұсқадан тыңдай аласыздар.