Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай дүниеден өтті

Радио және телевизия саласының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай 70 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Әбдірәлі Бөлебай 1953 жылдың 25 желтоқсанында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылында дүниеге келген.

Алматыдағы №46 қалалық кәсіптік техникалық училищені (1971), Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірді (1976).

1983 жылы  Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық теледидар және радио қызметкерлерінің білімін жетілдіру институ тынан дәріс алды.

Еңбек жолын "Қазақфильм" киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастады.

1977 жылы Қазақстан Кәсіподактары жаныңдағы көркем өнерпаздары республикалық үйінде методист;

1978 жылы Қазақ радиосының дикторы;

1985 жылы Қазақ теледидарында диктор;

1992-96 жылдары дикторлар тобының жетекшісі;

1996 жылы "Хабар" агенттігінде "Жеті күн" ақпаратты сараптау бағдарламасы және "Жаңалықтар" қызметінің жүргізушісі;

2000 жылы "Қазақстан" ұлттық арнасының Астана филиалында диктор;

2002 жылы ҚР Президентінін Телерадиокешенінде продюсер;

2004 жылы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемкорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) баспасөз хатшысы болып қызмет атқарады.

Әбдірәлі Бөлебай өмірінің соңында дейін Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарды.

Ол телерадиода дикторлық өнердің қыр-сырын терең меңгерген, дауыс үні өзгеше, шеберлігі толысқан білікті маман. Оның оқыған телерадиохабарларынан өзгеше бір тыныс, кең ауқым, биязылық пен парасаттылық лебі еседі.

Жылы жүзді, жайдарлы, қарапайым. Бұл теңеу Қазақ телевизиясы мен радиосы тарихынан ойып тұрып орын алған Әбдірәлі Бөлебай туралы айтылған. Кез келген ақпараттың шырайын шығарып оқитын Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің жадында мәңгі қалары сөзсіз.

Әбдірәлі ағамыздың алтын дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.

Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Ағамыздың жаны жаннатта, топырағы торқа болсын!