Түркістанда ауылдарды су басты

Түркістан облысында табиғаттың тосын мінезінен тұрғындар түні бойы әбігерге түсті. Нөсер жауыннан Қазығұрт ауданындағы алты бірдей ауыл судың астында қалса, Сарыағашта бұршақ жауып, егістік пен бақшаны баудай түсірді. 

Нөсер кезінде сай салаға жиылған су ымырт түсе ауылдарға лап қойған. Сарқырай аққан тасқын Шанақ ауылындағы жекеменшік моншаны бұзып өткен. Оның ішіндегі адамдарды жұрт дер кезінде құтқарып үлгеріпті. Одан бөлек Сарапхана, Қызылқия, Қақпақ, Қарабау және Жіңішке ауылдарындағы тұрғын үйлердің көпшілігінің ауласына дейін су кірген. Тасқынның екпіндете келгені соншалық Сарапхана ауылындағы тойханаға жиылғандар сыртқа шығып үлгермеген. Телефонға түсірілген видеолардан той қонақтарының жан сауғалап, дастархан үстіне шығып кеткенін байқауға болады. Шамасы келгені бір-бірін арқалап, апаттан жаяулатып қашқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша 300-ге жуық қой-ешкі суға тұншығып өлген.

Кеше кешқұрым Сарыағаш пен Келесте аспанда найзағай ойнап, соңы нөсер-жауынға ұласты. Жаңбырдың құйып жауғаны соншалық айнала ақтүтек боп, 4-5 метр жерден арғысы көрінбей қалған. Қазір апат болған жерлерде арнайы техникалардың көмегімен жиналған суды сорып, ағызып жіберіп жатыр.



Дереккөз: qazaqstan.tv