Игерілмей жатқан 5 миллион гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылмақ

2021 жылы 1,3 млн га жер қайтарылса, биыл бұл көрсеткіш 4 есеге ұлғайтылады. Биыл кемінде 5 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жер қатынастарын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, онда ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі және оларды цифрландыру мәселелері қаралды. Баяндама жасаған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазір «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ базасында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жасаудың жетілдірілген нұсқасын енгізу пысықталып жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар министр ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығын цифрландыру аяқталғаннан кейін ғарыштық мониторингтің тиімділігі жақсаратынын атап өтті. Бұл процесті 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Премьер-Министр айтылған тәсілдерді қолдап, осы бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.