Елімізде 2024 жылдан кейін газ экспорты мүлдем тоқтатылмақ

Елімізде депозит салымшылары көбірек сыйақы алады. Ал депозиттерге кепілдік беру қоры екі айға депозит мөлшерлемелерін көтерді. Бұған кеше базалық мөлшерлеменің 14 пайызға дейін өсуі себеп. Сол үшін теңгедегі депозиті бар қазақстандықтар сәуір мен мамыр үшін салымнан көбірек ақша алады. Мәселен мерзімсіз депозит мөлшерлемесі 13,5; ал жарты жылға дейінгі мерзімді 14, алты айға дейінгі жинақтық депозит мөлшерлемесі 14,5 пайызға дейін көтеріліп отыр. Бұл қаржы нарығын тұрақтандырып, теңгеге сенімді күшейтеді дейді сарапшылар.

*****
Елімізде 2024 жылдан кейін газ экспорты мүлдем тоқтатылмақ. Өйткені ішкі нарықта сұраныс артқан соң, көгілдір отын өзімізге қажет. Алдағы жылдары тапшылық болатынын Энергетика министрі кеше Үкімет сағатында да айтқан еді. Бүгін экспорт тоқтайтынын және газ 2025 жылы қымбаттайтынын жеткізді. Болат Ақшолақовтың айтуынша бағаны көтеруден басқа амал жоқ. Өйткені қазір еліміз сыртқа газ сатып, түскен табысқа ішкі нарықты субсидиялап отыр. Бізде баға содан арзан. Енді экспорт тоқтайтын болса, құнды қымбаттатуға тура келеді дейді министр.  
*****
Алматыда «Сергек» жүйесіне тағы бір функция іске қосылды. «Қорғау Сергек» бағдарламасының көмегімен жалған нөмірлі көліктердің жүргізушілері анықталып жатыр, деп хабарлады қалалық полиция департаменті. Шаһарда «Қорғау Сергек» жүйесі 2021 жылдың қараша айынан бастап пилоттық режимде қолданылып келеді. Оның көмегімен жыл басынан бері жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген (ҚР ӘҚбК-нің 590-бабы 3,4 бөлігі) 171 жүргізуші ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Көліктер айыппұл тұрағына қойылған. Сонымен қатар, өткен тәулікте арнайы жарық-дыбыс және дауысты сигналдарды заңсыз пайдаланған екі көлік жүргізушісі, 7 мас жүргізуші көлікті басқарудан шеттетілген. Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаровтың айтуынша, өткен тәулікте қала жолдарындағы «Қорғау Сергек» жүйесі жалған нөмір пайдаланған 11 жүргізушіні анықтаған. Олар жалпы сомасы 12 миллион 680 теңге болатын 790 құқық бұзушылық жасаған. Бұл көліктер арнайы айыппұл тұрағына орналастырылған.
*****
Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалында алғашқы ойын өткізілді. Бірінші матчта «Манчестер Сити» (Англия) және «Реал Мадрид» командалары кездесті. Мамандар ағылшындық клубтың басымдығына алдын-ала болжам жасаған еді. Дегенмен ойын барысында командалар бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Алдымен «Манчестер Сити» сапынан Кевин Де Брёйне 2, Габриэль Жезус 11-минуттарда мергендік танытса, оған испандық клубтан Карим Бензема 33-минутта бір голмен жауап қайырды. Екінші кезеңде алаң иелері сапынан Фил Фоден 53, Бернарду Силва 74-минуттарда гол соқты. Ал «Реал Мадрид» қатарынан Винисиус Жуниор 55, Карим Бензема 82-минуттарда екі голдың авторы атанды. Осылайша, «Манчестер Сити» қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті. Екі команданың қарымта ойыны 4 мамырға белгіленген. Сондай-ақ, жартылай финалда бүгін, 27 сәуірде «Ливерпуль» (Англия) және «Вильярреал» (Испания) шеберлік байқасады.