Елімізде қылмыстық істер көрсеткіші 7,6 пайызға төмендеген. Соның ішінде, денсаулыққа ауыр зақым келтіру, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы, бұзақылық, алаяқтық және зорлау деректері айтарлықтай азайған. Бұл жөнінде бүгін Президенттің қабылдауында болған ІІМ айтты. Сондай-ақ сала басшысы қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстарды тергеп-тексеру, кінәлілерді анықтап, жауапқа тарту, ұрланған қаруларды заңсыз айналымнан алу жұмыстары жөнінде есеп берді.Бұдан өзге, Марат Ахметжанов Президентке Ішкі істер министрлігінің қызметін бюрократиядан арылту, цифрландыру және жұмыс үдерісін автоматтандыру, ішкі рәсімдерді оңтайландыру жөнінде баяндады.
Айта өтейік, кездесу қорытындысы бойынша Президент полицияның сервистік моделін одан әрі енгізу, елімізде азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. Осы ретте Мемлекет басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жауапкершілікті қатаңдату қажет екенін ерекше атап өтті.
*****
«Ауыл – табыс көзі». Үкімет ауыл халқының әлеуметтік жағдайын түзеу үшін өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Бұл орайда әр елді мекеннің мүмкіндігі ескеріледі. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай 5 томдық шығармалар жинағы басылып шығады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев Семей қаласындағы Абай театрында өткен «Әуезов әлемі» атты салтанатты жиында айтты. Оның мәліметінше, жазушының мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтіледі. Оған аталған ведомство жауапты болып бекітілген. «Семей топырағы данышпан Абайды дүниеге әкелген, Шәкәрімдей ғұламаны тудырған, Мұхтар Әуезовтей әйгілі суреткерге бесік болған аяулы мекен. Бұл жиын үлкен мерейтойдың салтанатты ашылуы Семейден бастау алғаны заңдылық. Алдағы уақытта, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай жазушының 5 томдық шығармалар жинағы басылып шығатын болады», - деді министр. Айта кетейік, заңғар қаламгердің мерейтойына байланысты биыл 4 бағыт бойынша 90-жуық іс-шара ұйымдастырылады. Одан бөлек, өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өткізу жоспарланған.
Ресей күштері Украина әскерінің солтүстіктен ұрыс жүріп жатқан шығысқа қарай жылжуына тосқауыл қою үшін шабуылды күшейтті.Украина қарулы күштерінің баспасөз хатшысы Александар Штупун осылай деп мәлімдеді. Шайқас әсіресе Слобожанское және Донецк бағыттарында күшейген. Ресей Қорғаныс министрлігі бүгінгі мәлімдемесінде Украинаның 4 әскери нысанына, елдің шығысындағы Барвенково және Ивановка елді мекендері маңындағы екі зымыран және оқ-дәрі қоймасына соққы бергенін айтты. Сонымен бірге Луганск жанында украиналық Су-24 ұшағын атып құлатқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинаның солтүстігінде Ресей соққы беріп, оккупациялаған Буча мен Бородянка қалаларына барды. Жантүршігерлік Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Мәскеуге барып, президент Владимир Путинмен кездескен еді. Басқосуда Гуттериш Кремль басшысымен Мариупольдегі «Азовсталь» зауытынан адамдарды эвакуациялау мәселесін талқылады. Путин болса, ұйымның қатысуымен бейбіт тұрғындарды көшіруге келісетінін мәлімдеді.
«Бай-қуатты болайық!». Бүгін елордадағы Ұлттық музейде осындай атаумен қазақ телевизиясында 47 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған көрменің ашылуы өтті. Экспозиция мақсаты –Нұртілеу Иманғалиұлының қоғамдағы рөлі мен сіңірген еңбегін жұртшылыққа насихаттап, журналистика қайраткері жайлы естеліктермен бөлісу, жас ұрпақ бойына патриоттық рух қалыптастыру. Көрме нәтижесінде журналистің отбасы ҚР Ұлттық музейіне табыстаған бұйымдары таныстырылып, үзеңгілес әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері жинақталады. Қала меймандары мен тұрғындары көрмені мамырдың 28-не дейін тамашалай алады, - дейді Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Оразадағы 99 шақырым». Елордада Рамазан айының соңғы 30-ыншы және Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде осындай атаумен велошеру өтеді. Веломарафон Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы айналма тас жолды толық жүріп өту арқылы орындалады. Қашықтығы – 99 шақырым. Велошеру соло (solo) тәсілінде, яғни бір ғана адам қатысады. Қатысушы – әуесқой велошабандоз, ағылшын тілінің оқытушы-аудармашысы, «Толық адам және 4 даму жобасының» авторы Ернат Мэлсұлы. Велошеру Әзірет Сұлтан мешітінің алдынан бастау алады. Велошеру нәтижесі – қашықтығы, уақыты және басқа мәліметтер Relive, Strava, Samsung Health ұялы қосымша бағдарламалары арқылы тіркеледі. Жол бағдарын Strava бағдарламасынан онлайн бақылап отыру және YouTube-тегі Ernat Melsuly арнасы арқылы тікелей эфир (streaming) жасау мүмкіндігі қарастырылған. Жарыс сөресі сағат 12-де басталады. Мәренің болжалды уақыты ауызашарға, яғни сағат 20:38-ге дейін. Ұзақтығы 8 сағатқа созылуы мүмкін. Бәрі ойдағыдай өтсе, ас-су ішпей-жемей өткізілген веломарафон ретінде Қазақстанның алғашқы рекорды болып тіркеледі.