Бүгіннен бастап "АЛҒА" прокатта

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының 2019 жылғы питчингінде мемлекеттік қаржыландыруға ие болған "АЛҒА" фильмі көрерменге бүгіннен бастап жол тартады.  

Фильмнің шығармашылық тобы Қазақ радиосының "FILMFAN" бағдарламасына сұхбат берді. Фильмнің қоюшы режиссері Ернар Нұрғалиев фильмнің бас продюсері Максим Акбаровтың шақыртуымен алты айдан кейін шығармашылық топқа қосылған. Оған дейін режиссері болған ресейлік азамат пандемиялық шектеулерге байланысты Қазақстанға келе алмаған. Бастапқы сценарий бойынша біраз дүниені сценарист Әуез Әуезов пен режиссер Ернар Нұрғалиев өзгерткен. Сценарист Әуезді айтуынша, фильмнің 70 пайызы ана тілімізде,  тек 30 пайызы орысша.

"Фильмнің сюжеті бойынша ауылдан шыққан ағайынды екі жігіттің рөліне әу баста қаланың әрі тілі қазақы емес жігіттері таңдалған. Мен оларды өзгертіп, нағыз ауылдың,  тілі таза балаларын көрсеткім келді. Оның үстіне 22-23 жас мөлшеріндегі жас жігіттерді беру үшін Жандос пен Ерболдың шашын алдырттым" ,- дейді картинаның режиссері Ернар Нұрғалиев.

Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген артист, актер Ерік Жолжақсынов спорт тақырыбындағы мотивациялық фильмнің жастарға, әсіресе ауыл жастайынан берер тәрбиесі мол екендігін айтты. Жас буын актерлердің физикалық дайындығы мен адамгершілігіне тәнті болған Ерік ағамыз кино әлемінде өздерін әлдеқашан дәлелдеп қойған інілеріне ақ жол тіледі.

Ал эфир соңына қарай қосылған басты рөлді бірін сомдаған актер Ербол Семқұлов еліміздегі каскадерлер тобы "NOMAD STUNTS" құрамында өнер көрсетеді. Физикалық жағынан әбден шыныққан Ерболат жеңіл атлетикамен айналысатын жігіттің рөлін ойнау қиынға соққан жоқ. Алғашқы кастингтен өткенімен фильмге бірден шақыртылмаған ол "бұйырған кетпеуі, жүгірген жетпейді" дегендей, бұл рөл бәрібір маған бұйырған екен",- деді.

Фильмді республикамыздың барлық кинотеатрларынан көруге болады.

Бағдарламаның толық нұсқасын мына жерден тыңдай аласыз.