1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Бүгін Қазақстан халқы 1 мамыр – ынтымақ пен бірлік күнін тойлап жатыр. Атаулы мереке 1996 жылдан бастап сол кездегі ел Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығына сәйкес аталып келеді. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.

Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында татулықтың үлгісі деуге болады. Себебі бірнеше ұлт өкілі салт-дәстүрі мен ұстанымына қарамастан ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр. Біздің ел – 30 жылдан астам тәуелсіздік тарихында сандаған ұлттың ұйытқысына айналып отыр. Бүгінде Қазақстан Республикасы аумағында бірнеше ұлт өкілі өзара ынтымақтастық пен татуластықты ту етіп тіршілік етуде. Ел басына қиын-қыстау заман туғанда кез келген халықтың бірлігі ішінара бірлік және ынтымақтастықпен өлшенеді. Осы орайда Қазақстан халқы ұлты мен дініне қарамастан Тәуелсіздік алғалы ұлт ретінде ұйып, бірлікті берік ұстанып келеді.

Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, ұлт демей, басқа демей татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік! 1 мамыр құтты болсын!