Металл сынықтарын Қазақстаннан шығару шектеледі

Президент кепілдендірілген трансфертке қатысты заңға қол қойды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 4 триллион теңгеге дейін ұлғайту қарастырылып отыр. Бұған дейін парламент мәжілісі Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасын мақұлдаған. 4 триллион теңге қаражат президент тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша қаржыландыру аясында республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

*****

Металл сынықтарын Қазақстаннан шығару шектеледі. Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетовтың айтуынша,  мұндай шешім қабылдаудың негізгі себебі – отандық қайталама шикізаттың жетіспеушілігі және өндіріс үшін шикізат ретінде металл сынықтарын пайдаланатын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қосымша жүктеу қажеттілігі болып табылады. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Қазіргі уақытта ТМД, Еуразия экономикалық одағы және ЕуроОдақтың бірқатар елдерінде қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын елден шығаруды уақытша квоталау немесе тұрақты негізде толықтай тыйым салу шарасы қолданылады.

*****

18 мамырда "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады. Баспана сатып алғысы келетіндерге жеңілдетілген 5 пайыздық несие беріледі. Өтінім қабылдау 1 маусымға дейін жалғасады. Бағдарлама аясында қатысушыларға жеңілдетілген 5 пайызбен 18 млн теңгеге дейін қарыз беріледі. Жастар жаңа үйлерді де, екінші нарықтағы үйлерді де сатып ала алады. Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10 проценті болуы тиіс, несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін.

*****

Биыл Жамбылдық жастарға жеңілдетілген баспана несиесі беріледі. «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының өзіндік талаптары болады,- деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жеңілдетілген баспана несиесі шілде айынан бастап беріледі.  Жалпы облыста тұрғын үй алуға кезекте - 7 140, жер телімін алуға кезекте тұрған 10 787 жас бар. Аталған жоба аясында жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 13 млн теңгеге дейін. Несие беру уақыты - 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме - 5%, бастапқы жарна - 5%. Оған 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы қатыса алады. Бағдарламаға кезекте тұрған мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер қатыса алмайды, негізінен басқа ипотекалық бағдарламаларда қамтылған санаттарға жатпайтын, бірақ төлем қабілеті бар жастарға басымдық беріледі. Алайда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бағдарламаның кей тетіктерін заңдық тұрғыда қайта қарауға тапсырма берді.

*****

Бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодарда халыққа есеп беру кездесуін өткізеді. Естай атындағы Мәдениет сарайында өтетін кездесу  оффлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылады. Трансляция тікелей эфирде ҚР IIM-нiң Instagram және Павлодар облысы Полиция департаментінің Facebook ресми парақшалары арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, кездесу тікелей эфирде “Еrtistv” облыстық телеарнасында, @pavlodarnews.kz сайтында және “Халық радиосында” трансляцияланады.